Дос КӨШІМ, қоғам қайраткері: «БАЙЛЫҚҚА ДА, БИЛІККЕ ДЕ, АТАҚ ПЕН ДАҢҚҚА ДА ҰМТЫЛМАЙМЫН»

 Аға, сіздің есіміңіз жалпақ жұртшылыққа саясаткер, қоғам қайраткері, тіл жанашыры ретінде мәлім. Құп. Алайда сізді өздеріне үлгі тұтатын жас ұрпақ өмірбаяныңызбен құлағдар болғысы келетіні хақ. Осы орайда бала Досмахамбет пен саясаттанушы Дос ағаның аралығындағы өмір жолды баяндап берсеңіз.

–Балалық және жастық шағым Қызылорда қаласының шетіндегі қысқа да тұйық көшеде өтті. Әкем өмір бойы машина айдады, ал анам түрлі қара жұмыста істеді. Оқуда «озат болдым» деп айта алмаймын, бірақ жақсы оқитындардың қатарында болғаным анық. Аяққа мінгеннен кейінгі өмірдің барлығы аулада, көшеде, далада өтті. Көрші баудағы алмаға түсуден басталған «өмір жолымыз», бақшаға түсіп қауын ұрлау, қалаға жақын жердегі ауылдың шалдарының есектерін алып кетіп, «қыдыру», үш шақырым жердегі каналдың суынан шықпаумен жалғасса, есейе келе, аудан-аудан болып төбелесу, киноға бару мен қыздарды бақтағы биге шақыруға ұласты. Бірақ мен үшін ең үлкен бақыт кітап оқу болатын. Жоғарыдағы «ерліктердің» арасында үйге бас сұққанда қолымнан кітап түспейтін. Жалғыз мен емес, біздің отбасымыздың өзіндік ауруы да кітапқұмарлық болатын. Кітап бізді қызықты да құпия алыс өмірге жетеледі, сондықтан болуы керек, күйбең тіршіліктен көрі қол жетпейтін мақсат, жаңа өмірді аңсадық, қысқасы, прагматик емес, романтик болып шықтық.16 жасымда мектепті бітіріп, оқуға түсе алмай, асханаға жүкші болып орналастым. Шынымды айтсам, жас кезімде әлжуаздау болдым, сондықтан күш жинап, шынығу үшін де осы жұмысты таңдадым. Жарты жылдан соң «арманыма жетіп», жер өлшейтін экспедицияға жұмысшы болып орналасып, екі жыл бойы үй көрмей, Қызылорданың шөлдерін араладым. Қиыншылықты да, қызықты да көрдім. Бұл менің «өмір мектебім» болатын. Ал 1975 жылы әскери міндетімді атқарып келген соң Алматыдағы Қазақ университетінің филология факультетінің дайындық бөліміне қабылдандым.Университетті бітірген соң Абай атындағы пединститутқа оқытушылық қызметке жіберді. Алайда қазақтың шөл даласы мені алысқа жібермеді, 1983 жылы Одақтық статусы бар, «Адам және Шөл» ғылыми-спорттық экспедициясының мүшесі болып, бес жыл бойы, ең ыстық уақытта Өзбекстанның, Түркменстанның, Қазақстанның басты шөлдерін жаяу кесіп өттім… Ал 1988 жыл қоғамдағы саяси-экономикалық келелі өзге-рістердің басталған кезі болды. Еркімізден тыс біз де осы өзгерістердің бел ортасында болдық, әділетсіз қоғамды өзгертуді мақсат еттік, отаршылдықтан арылып, өзіміздің тәуелсіз Қазақ мемле-кетін құруды қолға алдық.

         Есім – адамның өмірлік серігі. «Досмахамбет» деп есіміңізді кім еншілеп берді?
–Мен Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласының жанындағы «Дермене» аулында дүниеге келіппін. Анам түске дейін шөп шауып, толғағы ұстаған соң үйге қайтып үлгеріпті. Менің кіндігімді кескен көрші апайдың аты Шәрбан екен. «Киіздің үстінде дүниеге келгеннен кейін түсің қара болған ғой» деп әзілдейді анам… Екі-үш күннен кейін үйге «Құдайы қонақпын» деп сапарлап жүрген бір молда қонып кетіпті. Қызып отырған әкем: «Қырықтың бірі Қыдыр» деген, мына балаға ат қойып кетіңіз дегенде, әлгі молда мені қолына алып, тиісті сөздерін айтып, соңында: «Сенің атың – Досмұхаммед» деп үш рет құлағыма айқайлапты.

Шежіреңізден сыр шертіп, әңгіменің тетігін ағытсаңыз. Жалпы, өзіңіздің немесе нағашы жұртыңыздан батыр, би-шешен, сал-сері болған жан бар ма? Бар болған жағдайда, сол кісілер туралы айтып бересіз бе?

–Кез келген қазақтың тұқымын қазса, сан түрлі атағы жер жарған бабалар шығады. Онсыз қазақ қазақ болмайды. Менің нағашы жұртым – қарақыпшақтар. Демек, қарақыпшақ Қобыланды-ның тікелей ұрпақтары… Алайда мен 1941 жылы 22 маусымда, таңғы сағат 4-те Польша шекарасында соғысты бас-тап, 1945 жылы 9 мамырда Берлинде соғысын аяқтаған әкемді – батырлардың бірі деп есептеймін. Абайдан бас-тап, қазақ пен орыстың барлық клас-сиктерін жатқа білетін, театрдың бірде-бір қойылымынан қалмайтын, ақылы мен турашылдығы үшін туысқандары-ның арасында «біздің Ленин» деп аталатын анамды би де, шешен де деп есептеймін.

                 Шаңырақтың шырайын енгізіп, отбасының ұйытқысы болып отырған апамызбен қанша жасыңызда ша-ңырақ көтердіңіз? Естуімізше, апамыз талай таланттыларды түлеткен Ақ Жайық – ару мекеннің тумасы екен. Апаймен қалай таңыстыңыз ?

–…Екінші курста біздің жатақханамызға география факультетінің студенттерін уақытша орналастырды. Сіздің апаңызбен (Тайпақ ауданы Қарауылтөбе ауылының тумасы Әсима Ға-лымжанқызы Көшім – қазір география ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің профессоры) сол жылдары танысып, оқуды бітірген жылы (менің жасым 26-да болатын) отау көтердік. Егер менің саяси-қоғамдық өмірде жасаған жұмыстарым белгілі бір деңгейде жақсы нәтижесін берсе, соның барлығы менің жұбайымның қолдауымен, көмегімен, қатысуымен болғаны анық.

— Құлашы кең эпик ақын Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін!» деп жырлап өтті. Қазіргі таңда қазақ жастары атамыздың сенімін ақтап жүр ме, қалай ойлайсыз, Дос аға? Жастардың және соның ішінде қазақ қыздарының хал-жағдайы хақында ойыңызды бөліссеңіз? Айшабибі, Домалақ ана, Зере, Ұлжан сынды аналарымыздың өнегесін өн бойына сіңірген қазақ қыздарын техникасы озық заманауи қоғамнан көріп жүрсіз бе?

– Меніңше, барлық қоғамда да үлкен кісілердің «Өмір не болып бара жатыр? Біз жас кезімізде бұндай емес едік» деген сөзі таусылмайды. Сонымен қатар өмірді өзгертетін де жастар екені – дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Менің өмірлік тәжірибем бір нәрсенің анық екеніне көзімді жеткізді. Ол – қазақ қыз-дарының ұлтшылдығы, қайсарлығы ерлерден де жоғары екендігі. Бұны біз Желтоқсан көтерілісі кезінде де, тәуелсіздік үшін күрес кезеңінде де, қазір де көріп отырмыз.
               Латын әліпбиіне көшу бүгінгі күні қоғамның қызу талқысында. Мұны тіліміз үшін жасалған игі қадамдардың бірі десе, кейбіреуі кереғар пікір білдіруде. Сондай-ақ үш тұғырлы тіл мәселесі де күн тәртібінен түсе қойған жоқ. Бірі дұрыс десе, бірі бұрыс дейді. Хош, сонымен, латын әліпбиіне көшу, үш тілде оқу, сөйлеу, жазу – міне, осының бәрі-бәрі шәкірттерге тым ауыр емес пе? Шәкірт дейміз-ау, баланы оқытатын ұстаздарымыздың өзі әлі де әзір емес екендігі рас. Ал осыны білім министрлігінің түсінуіне не кедергі, аға? Жалпы, білім министрінің «ұшан-теңіз» жаңа жобалары туралы не айтасыз?

– Бұл реформалардың кейбіреуі өмір талабынан, саяси қажеттіліктен туса, енді біреулері жағымпаздықтан, Президенттің айтып қалған пікірін «Біз тез арада жүзеге асырып жатырмыз» деп көзге көрініп қалудан туған жаңсақ қадамдар. Латын әліпбиіне көшу – зорлап таңылған, сол арқылы ұлттық тілдік жүйемізге орны толмас нұқсан келтірген кириллицадан құтылып, өзіміздің төл дыбыстарымызға негізделген әліпбиге көшу болса, мектеп деңгейінде үштілділікке бас бұру бір ұрпақты сауатсыз ететін жаңсақ қадам деп білемін. Төрт пәнді ағылшын тілінде оқытатын 30 мың мұғалімді өтірік-шыны аралас «дайындап шығарармыз», бірақ солардың ағылшын тіліндегі түсіндіргендерін ұғатын 300 000 оқушыларды қайдан табамыз? 30 жылдың ішінде орыс мектепте-ріндегі оқушыларға қазақ тілін үйрете алмай жүрген білім министрлігі, шынында да, көтере алмайтын шоқпарды бел-деріне қыстырған сияқты.

Белгілі тұлғаның белгісіз қыры қандай? Мәселен, сурет салу, ән айту дегендей…

– Аздап сурет салатыным бар. (Бұл өнерім қызым мен немереме де беріліпті). Ән айту мен домбыра тарту – қолымнан келмейтін өнер. Оның есесіне мылтық, пистолет, садақ ату – менің көп айналысқан сүйікті өнерім, спортым. Кезінде, әскерде жүргенде пышақ лақ-тыруды да бір кісідей меңгергенмін. Қысқасы, мен өзімді күреске дайындаған сияқтымын. Сондықтан болуы керек, ер адамға керек өнерден аса алмай қалыппын.

Кімді үлгі тұтасыз?

– Менің үлгі тұтатын тұлғам – Куба революционері Эрнесто Че Геваро.

Белгілі бір жетістікке жету үшін атақ-даңқ ауадай қажет деп жатады. Сіз қалай ойлайсыз?

–Керісінше. Жетістікке жеткен адам ғана атақ пен даңққа бөленеді деп ойлаймын. Ал жетістікке атақ пен даңқ алып келсе, ол өзіңнің қайратың мен ақыл-жігерің арқылы келген нақты жетістік болып табылмайды. Отыз жасымдағы бір сұхбатымда «Байлыққа да, билікке де, атақ пен даңққа да ұмтылмаймын» деген екенмін. Әлі күнге дейін сол тұжырымда қалдым. Бұлардың барлығы, мен үшін балалардың ойыншығы секілді, алдамшы дүние. Әрине, байлық сенің жеке басыңның еркіндігі мен бостандығын қамтамасыз етеді. Күнкөрісің болса, «ертең жұмыссыз қалармын» деп, қорқасоқтап, айтатын пікіріңді айта алмай, жалтақтап отырмайсың. Алайда байлықтың сені шындықтың жолынан тайдырып, тек ақша жасауға ғана жетелейтін сиқыры бар… Билік, таза да әділ билік үлкен жауапкершілік жүктейді; өзіңнің өмірің жайына қалады, сен тек қоғам үшін өмір сүруің керек. Бір сөзбен айтқанда, сен қоғам үшін құрбандыққа баруың керек. Мен ондай әулие емеспін… Атақ пен даңқ – бүгін бар да, ертең жоқ дүние. Меніңше, осыларды ойламайтын жандар ғана шын мәнінде жетістікке жетеді.

Аға, әңгімеңізге мың алғыс! Сәттілік серігіңіз болсын әманда!

ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ

«ДОСЕКЕҢ – ӨТЕ САБЫРЛЫ АДАМ»

Дос ағамен сұхбат барысында ол кісінің жары, география ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің профессоры Әсима Ға-лымжанқызына да бірер сауал қойған болатынбыз.

Әсима апа, туған жеріңіз, ата-анаңыз, бауырларыңыз, өскен ортаңыз жәйлі айтып бересіз бе?

– Ақжайық (бұрынғы Тайпақ) ауданы Есенсай ауылында тудым. Отбасында жеті бала болдық, қазір алтаумыз. Мен үшінші баламын. Құдайға шүкір, бәрі жеке отбасылы. Қазір 85-те анамыз бар. Әкеміз 1993 жылы қайтыс болды. Әкеміз өзі орысша тәрбиеленгесін, бізді орыс мектебіне берді, сондықтан орыс класы бар мектеп іздеп, ауылдан-ауылға көшіп жүрдік (бір ауданнын ішінде). Соңғы қоныстаған жеріміз Қарауылтөбе ауылы болды. Мен сол ауылда мектеп бітірдім.
Бала кезімізден бастап әке-шешеміз бізді еңбекке үйретті: қойды да бақтық, сиыр саудық, шөп шаптық, балық ауладық, біз сөзбен айтқанда, үйдің де, түздің де жұмысын талғамадық.
Әкеміз білімді адам болды, білімге қатты көңіл бөлетін, сондықтан бәрімізді мектептен кейін Алматыға оқуға жіберді. Сол кісінің арқасында бәріміз жоғары оқу орнын бітірдік. Қазір үш қыз Алматыда тұрамыз. Ал анамыз үлкен әпке мен ағамызбен Оралда тұрады. Бір бауырым Ақтауда.


Бала кезіңіздегі арманыңыз қандай еді?

– Бес-алты жасымда мен актриса болам дегенмін. Аулаға көршінің балаларын жинап концерт қойғанды жақсы көретінмін. Өскен сайын болашақ мамандығым да өзгере бастады, мәселен, бір кезде мұғалім болғым келді, содан кейін – дәрігер, әсіресе, хирург. Әкем менің дәрігер болғанымды қалаған, алай-да атаулы мамандыққа түсу үшін физика мен математика пәндерін жақсы білу керек еді. Мен ол пәндерді онша ұнатпайтынмын…
Сегізінші сыныпта бізге қаладан бір жас биология, география пәнінің мұғалімі келді. Ол сабақтың үстінде өзінің студенттік өмірін әңгімелеп беретін. Практика кезінде барлық жерлерді, елдерді аралайды екен. Соған мен қатты қызығып кеттім, ел көргім келді. Өзім саяхаттауды жақсы көретінмін. Алматыға келіп, бір жылдан кейін (ол кезде С. М. Киров атындағы) Қазақ Ұлттық университетінің география факультетіне түстім. Бес жыл ішінде бұрынғы КСРО-ның барлық жерін аралап шықтым. Солай географ болып кеттім. Сол арманымның нәтижесінде дүние жүзінің көптеген мемлекетінде болдым. Қазір географ-оқытушымын.

 

Дос ағамен қалай таныстыңыз? Ағайдың айрықша қандай қасиетің атап өтер едіңіз?

–Досекеңмен бірге оқыдық, тек фа-культетіміз басқа, ол филология, мен география факультетінде. География факультеті өмір бойы биология факультетімен бірге жүреміз (қазір де солай – бір ғимаратта, бір жатақханада), бірақ 2- курста бізге биофакта орын жетпей қалды. Бізді, 1 мен 2-курс студенттерін Досекең тұратын жатақханаға көшірді. Жатақханада студенттік (обьединенный) кеңес болды, филфактан Досекең мүше болып кірді, мен география факульте-тінен кірдім, сол кеңестің мәжілісіне барып жүріп таныстық. Ол мені онша менсінген жоқ, себебі мен «орысша» болдым (орысша сөйлеймін – әкемнің тәрбиесі ғой), оның айтқанын түсінбей-мін және оның бойы 187 см болды, өте биік әп-әдемі жігіт болды, ал менің бойым «метр с кепкой», сондықтан біз бір-бірімізге онша үйлескен жоқпыз. Бірақ, уақыт өткен сайын, ол маған тәрбиесімен, мінезімен қатты ұнай бастады.
Досекең – өте сабырлы адам, ешқашан дауысын көтермейді, айқайламайды, ұрсыспайды, ренжімейді, көп сөйлемейді, бәрін ақылмен шешеді. Мінезі өте жұмсақ, бірақ керек кезде қаттырақ бір айтады, сонда түсінікті болады. Жастайынан өте көп кітап оқиды. Керісінше, мен батыстың қызы болғасын холерикпін. Мінезім бетімнен көрініп тұрады, шындықты тура айтамын, соны-мен кейде кісілерге жақпай қаласың. «Қанмен келген Кіші жүздің мінезіне» Досекең де үйреніп болды.

«Адам ұрпағымен көрікті». Дос аға екеуіңіз қанша бала тәрбиеледіңіз-дер? Әмбеге аян тіл жанашыры, қоғам қайраткері Дос аға мен география ғылымдарының докторы, профессор Әсима ападан өрбіген балалары қай салада қызметте?

– Үш қызымыз бар. Үлкен қызымыз ҚазҰУ бітірді – аудармашы және екінші дипломы бойынша мамандығы – заңгер. Екінші қызымыз Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ бітірді, мамандығы IT- программист, бірақ қазір интернет-блогер ретінде танымал, көп жыл телевидениеде жұмыс істеді. Үшінші қызымыз шетелде режисcер-операторға оқып жатыр (Англияда). Бұйыртса, келесі жылы бітіреді. Екі үлкен қызымыз отбасылы, екеуінің бала-шағасы бар.

          Дос аға отбасында қандай әке?

– Ол – жақсы әке. Қыздарын қатты жақсы көреді. Қыздары әкесін ер адамның идеалы ретінде көреді. Досекең қызда-рынан ештеңені аямайды, айтқанын орындауға тырысады, әрдайым көмектесіп тұрады. Әрқашанда бір үстелдің басында отырып, қыздарымен көп әңгімелеседі, оқыған кіптаптарын, көрген киноларын бірге талдайды.
Бүгінгі күндері де немерелерін мектепке, балабақшаға апарып-әкелуден жалықпайды.

Әңгімелескен Самал ЖАМЕТ,
журналист,
Орал қаласы

Related posts

АНКАРАДА КОНЦЕРТТІК ЗАЛ АШЫЛДЫ

ttjk

ТУРИСТИЧЕСКАЯ ВЫСТАВКА В ИЗМИРЕ

ttjk

MÜSİAD ҚАЗАҚСТАН МЕН ТҮРКИЯ МҮДДЕСІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ

ttjk