Астана қаласындағы Үндістан Елшілігінде Үндістан Республикасының 76-жылдық мерейтойына арналған салтанатты қабылдау өтті.
Іс-шараға 300-ге жуық қонақ, соның ішінде дипломатиялық корпус өкілдері, жергілікті үкімет қызметкерлері, бизнес қауымдастығының өкілдері, БАҚ өкілдері, үнді қауымдастығының мүшелері қатысқан. Қазақстан үкіметінің атынан Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Торабаев шараның құрметті қонағы болды.
Елші Нагендра Прасад өз сөзінде Үндістан Конституциясының маңыздылығын атап өтіп, оның әлемдегі ең серпінді демократия ретінде дамуы мен әлемдегі бесінші ірі экономикаға айналуына тигізген әсерін айтты. Ол дәстүр мен технологияның үйлесімді қатар өмір сүруі және Үндістандағы ең ірі рухани шаралардың бірі – «Маха Кумбх» туралы баяндады. Елші Үндістан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастарға тоқталып, екі елдің тарихи байланыстары, әртүрлі салалардағы ынтымақтастықты нығайту перспективалары мен ШЫҰ, АӨСШК, Үндістан – Орталық Азия диалогы секілді халықаралық алаңдардағы серіктестіктерін атап өтті. Сонымен қатар, екі ел арасында жоғары деңгейдегі тұрақты сапарлардың, оның ішінде 2024 жылдың шілдесінде Астанаға Сыртқы істер министрі доктор С. Джайшанкардың сапары мен кездесудің маңыздылығын жеткізді. Елші қазақстандық азаматтардың ITEC және ICCR стипендияларын пайдаланып жатқанын және Свами Вивекананда атындағы Мәдени орталық (SVCC) тарапынан Қазақстанда йога мен үнді мәдениеті бойынша жаттығулар өткізіліп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, былтыр Қазақстанға 100 мыңнан астам үнді туристерінің келгенін айтты.
Ал Қайрат Торабаев өз сөзінде екі елдің ынтымақтастығын дамыту үшін Үкіметаралық комиссия секілді институционалдық механизмдердің маңызды екенін тілге тиек етті. Сонымен бірге, Үндістанның Қазақстан үшін маңызды серіктес екенін ерекше атап өтті. Шара аясында SVCC тарапынан арнайы ұйымдастырылған және Мәскеу мен Астана Музыкалық театрының әртістері қатысқан «Индра Дхануш» («Кемпірқосақ») атты мәдени бағдарлама жоғары деңгейде ұйымдастырылды.