Будапештте мажар түркологын еске алу іс-шарасы өтті

Түркі мемлекеттері ұйымының Мажарстандағы өкілдігінде мажар түрколог Коңыр Иштван Мандокидың 80 жылдығына арналған еске алу іс-шарасы өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігі, Түркі мемлекеттері ұйымының Мажарстандағы өкілдігі және «Барс» мажар-қазақ қоры бірлесе ұйымдастырды.

Еліміздің Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы  Коңыр Иштван Мандокидың ғылыми мұрасы екі ел арасындағы бауырластық, тарихи және мәдени байланыстарды нығайтуда ерекше маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар, ол осы еске алу іс-шарасының Қоңыр Мандокидың рухани мұрасын құрметтеп, келер ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын айқындайтынын жеткізді.

Түркі мемлекеттері ұйымының Мажарстандағы өкілдігінің басшысы, академик Иштван Вашаридың айтуынша, көрнекті түркітанушы ғалымдарына ұйым тарапынан ұдайы құрмет көрсетіп, олардың ғылымға қосқан зор үлесін дәріптеу — басты мақсаттардың бірі.

Қоңыр Иштван Мандокидың жерлесі, түрколог Юлия Барта мажар және түркі мәдениетінің тарихи тұрғысынан түркология ғылымының маңыздылығына жеке тоқтап, мажар түрколог ғалымдардың жетістіктерін атап өтті.

Мажар-қазақ «Барс» қорының төрағасы Андраш Гал 2002 жылы қордың қолдауымен жарыққа шыққан Қоңыр Иштван Мандоки аударған түркі халықтарының таңдамалы фольклоры «Амударияның кең сулары» атты жинағын талқылады. Мажарстанның сыртқы саяси ведомствосының бұрынғы мемлекеттік хатшысы және Мандокидың жақын досы Андраш Келемен бірнеше жеке естеліктерін айтты.Сонымен қатар, іс-шарада Халықаралық «Қазақ тілі» орталығының Ресей Федерациясындағы өкілдігінің төрайымы Сәуле Дулати өз ойларымен бөлісті. Жалпы,  іс-шараға танымал түркологтар, зерттеушілер, Коңыр Иштван Мандокидың жары Оңайша Мандоки және әріптестері мен достары қатысты.

Қоңыр Иштван Мандоки Мажарстандағы қыпшақтың ғылымының тіршілік қалпы туралы ғана емес, сондай-ақ қазақ әдебиеті мен мәдениетін мажар жұртшылығына таныстыруда орасан зор еңбек сіңірді. Оның жетекшілігімен қазақ ақындарының жыр жинақтары мажар тіліне аударылып, Будапештте жарық көрді. Абай, Махамбет, Жамбыл сынды ұлы тұлғалардың шығармаларының насихатталуы Қоңырдың екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайтуға қосқан үлесінің айқын көрінісі ретінде бағаланады. Ол қазақтың ұлттық құндылықтарын, мәдени мұраларын мажар қауымына таныстыруда белсенді қызмет атқарды. Айта кетері, Шығыс – мажарлар үшін қасиетті тарихи-мәдени ұғым. Түркология ғылымының сан саласы Мажарстанда ұлттық сипаттағы ғылыми пән ретінде ертеден жолға қойылған.

Шығыс тілдері мен тарихын, мәдениетін зерттеудің бай дәстүрі бар Мажарстанда түркі тілдерін оқытудың үш ғасырлық тарихы бар. Әлемде алғаш рет 1867 жылы Будапешт университетінде түркология кафедрасы, 1897 жылы Коложвар (Сейкей жерінде – қазіргі Румыния аумағы) университетінде алтаистика және компоравистика кафедрасы құрылған.

Жуырда Мажарстанның Дебрецен қаласындағы университетінде «Түркі бұрышы» ашылды. Бұл бұрыш мажар мен түркі әлем жастарын біріктіруге арналған қоғамдық кеңістік рөлін атқарды деп көзделген. Елшілік тарапынан Түркі бұрышының кітап қорына қазақ әдебиеті мен мәдениетін қамтитын кітаптар табыс етілді.

Related posts

Биыл жетпіс алты мың отбасы әлеуметтік көмек алды

editor

Halyk Bank-тің жанасусыз төлемдерімен бизнесті тиімді етіңіз

ttjk

This Is The Hot European City All Your Cool Friends Are Talking About

ttjk