Кеше Алматы полициясы екі блогердің қолына кісен салды. Ақпарат көздерінің дерегінше, олар ақша бопсалады деген күдікке ілініп отыр.
Ұсталғандардың бірі Дамир Көшеев пандемия кезінде Instagram-дағы блогын велосипедпен саяхатшы ретінде бастаған. Кейінгі бір-екі жылда ол Instagram-парақшасында шенеуніктер, полиция және прокурорлар туралы видеоларды тұрақты салып тұрған. Мысалы жуырда Алматыда қауіпсіздігі ең төменгі режимдегі колония мен бостандықта жүрген сотталушыны сынап, видео жариялаған екен. Осыған дейін блогердің парақшасында Алматы полицейлерінің «айыппұл салу жұмыстарын күшейту» туралы ақпаратты рация арқылы бір-біріне таратып жатқаны жазылған видеомен бөліскен. Ал екіншісі — Руслан Кәрімов. Ол Алматыда бөтелкедегі судың қалай өндірілетіні туралы сериялық видеоларынан кейін көпшілікке таныла бастаған. Ол кейбір бөтелкедегі су құятын өндіріс орындарын және олардың заңсыз әрекеттерін жария етіп, мүгедектігі бар ұлының судан уланғанын жиі айтып жүрген.
Алматы полиция департаментінің хабарлауынша, блогерлер жәбірленушінің өтініші бойынша он миллион теңге алған кездес ұсталған. Полицияның хабарлауынша, олар әлеуметтік желілерде компроматтар жариялау үшін қоқан-лоқы көрсетіп, қомақты қаржы бопсалаған. Сондай-ақ олар жәбірленушіні сот шешімімен кәсіпкер төлеуге міндеттелген 20 миллион теңгені талап етуден бас тартуға көндірмек болған. Қазір ҚПК-нің 128-бабына сәйкес блогерлер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бопсалау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.