Абай облысының 39 оқушысы IQanat республикалық олимпиадасының финалына аттанды.
2025 жылғы 13–20 маусым аралығында Алматы қаласында өтетін IQanat республикалық олимпиадасының финалына Абай облысының 10 ауданынан 39 оқушы жолдама алды. Финалға жол тартқан оқушылар – облыстық кезеңде 300-ден астам оқушы арасынан іріктеліп, үздік деп танылған дарынды жастар.
IQanat – ауыл мектептерінің 8-сынып оқушыларына арналған еліміздегі ең ауқымды білім беру жобаларының бірі. Биылғы олимпиадаға Қазақстанның барлық өңірінен 50 мыңнан астам ауыл оқушысы қатысып, оның ішінен 1000 оқушы финалға өтті.
Олимпиаданың басты жүлдесі – IQanat High School of Burabay мектебінде тегін білім алуға арналған гранттар. Финалистердің бір бөлігі мектепте тегін оқуға мүмкіндік алса, екінші бөлігі үш жылдық тегін қолдау бағдарламасына қатысады. Бұл бағдарлама аясында оқушылар ҰБТ мен халықаралық емтихандарға дайындалып, ағылшын тілі, ІТ, кәсіпкерлік негіздері бойынша терең білім алады.
Олимпиада бағдарламасында пәндік тестілеу, soft skills дамыту тренингтері, Алматы қаласы мен жоғары оқу орындарына экскурсиялар, peer-to-peer тәлімгерлік кездесулер қарастырылған.
Бұл – ауылдық мектеп оқушыларына жаңа көкжиек ашатын, өмірлік жолына бағыт беретін шешуші кезең.