Ұлытау облысында жетімдер үйінен асырап алған ағайынды ұлдар мен бір қызды аямай қанап, қалың малын бақтырған келіншек 4 жылға сотталды.
Тергеу анықтағандай, Садықова 2018 жылы 3 жетім балаға патронат болады. Кейін анықталғандай, оның үлкен шаруа қожалығы болған. Ондағы малды бағып, артын тазалайтын жұмысшыға ақша шығындағысы келмеген ол осы үш жетім баланы жұмысқа жеккен.
«Садықова заң талаптарын елемей және патронаттық келісімнің міндеттерін орындамай балаларды ауыр үй шаруасымен айналысуға, сондай-ақ Жезқазған аумағында металл сынықтарын жинауға мәжбүрлеген. Егер балалар өзіне бағынбай, жұмысты сапасыз атқарған жағдайда Садықова оларды аяусыз сабап отырған», — деп хабарлайды Ұлытау облысының прокуратурасы.
Анықталғандай, ол әйелді сот 2024 жылдың 11 шілдесінде соттап жіберген. «Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың 2024 жылғы 11 шілдедегі үкімімен Садықова кәмелетке толмағандарды азаптау және қорғаншы өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды», — деп хабарлайды прокуратура.