Балалар мерекесіне арналған сурет байқауы — «Біз бақытты баламыз»

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Түркітілдес журналистер қоры ашық аспан аясында ерекше мазмұндағы іс-шара ұйымдастырды. Балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға, олардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған бұл шара көпшіліктің көңілінен шықты.
«Біздің басты мақсатымыз – балалардың шығармашылығына қолдау көрсету, олардың ішкі талантын ашуға жағдай жасау. Осындай шаралар арқылы өскелең ұрпақтың ойлау қабілеті дамып, өнерге деген құлшынысы артады. Баланың күлкісі мен шабытын көру – біз үшін үлкен қуаныш. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді Түркітілдес журналистер қорының президенті Назия Жоямергенқызы.

Мерекелік күн аясында 2 жастан 17 жасқа дейінгі балалар арасында «Біз бақытты баламыз» атты сурет байқауы өткізілді. Байқаудың басты ерекшелігі – әрбір бала өз қиялын, ішкі дүниесін, өмірге деген қуанышын бояу тілімен жеткізіп, өз өнерлерін көрсету мүмкіндігіне ие болды. Кейбір қатысушылар отбасындағы жылулықты бейнелесе, енді біреулері табиғат аясындағы шаттықты немесе балалық шақтың қуанышты сәттерін қағаз бетіне түсірді.

Жас ерекшелігіне қарамастан барлық қатысушыларға тең мүмкіндік беріліп, шығармашылық еркіндік ұсынылды. Әр сурет — баланың жүрегінен шыққан шынайы туынды, олардың бақыт туралы түсінігін көрсететін көркем тіл. Шараға қатысқан балалар өз өнерлерін барынша шеберлікпен көрсетті, ал ата-аналар мен көрермендер жас суретшілердің еңбегіне тәнті болды.

Түркітілдес журналистер қорының мұндай игі бастамалары – өскелең ұрпақтың шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталған нақты қадам. Қор өкілдерінің айтуынша, балаларға арналған осындай мағыналы жобалар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Мерекелік күн барысында балалардың көңілін көтеруге арналған ойындар, түрлі қызықты бағдарламалар ұйымдастырылып, балалар ән айтып, би билеп өз өнерлерін көрсетіп, шара нағыз балалық қуаныштың символына айналды.

“Бүгінгі сурет байқауына беретін бағам өте жоғары. Байқау барысында балалар сурет салу техникасын жақсы меңгерген, тақырыпты ашып бір ғана суретпен жүрекке жеткізе білді.Балалардың белсенділігі керемет.Байқаудың әсері демалыс кезінде бос уақытын тиімді пайдалану , сонымен қатар балалардың бойында жағымды мақсаттар қалыптасты деп ойлаймын”, — деді қазылар алқасының төрайымы Нұргүл Абдулаханқызы.

Бала күлкісі – әлемнің ең шынайы шаттығы. Ал бұл күн – сол шаттықты ұлықтап, балғын жүректердің қуанышына себепкер болған ерекше мереке ретінде есте қалмақ.

Жоямерген Нұрсая

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Журналистика факультеті

Юнеско кафедрасының 2 курс студенті

Related posts

ЖҰЛДЫЗДАР — ТАШКЕНТ ТӨРІНДЕ

ttjk

Назерке Серікболқызы: Мақсатым — халыққа қызмет ету

ttjk

Балалар хирургиясының «атасы» өмірден озды

editor