БАҚЫТТЫҢ КІЛТІ КІМДЕ?

Бәріміз бақытты болғымыз келеді. «Бақытты бол, соның ішінде бәрі бар ғой» деп те тілек тілейміз. Бірақ қалай бақытты боламыз? Оның жолы қандай? Бақытты адам деп кімді айтамыз?
Иә, бақытты әркім әр қалай түсінеді. Біреулер үшін бақыт – денсаулық, отбасы, махаббат, ал біреулер үшін бақыт – атақ-абырой және байлық. Адам жүрегімен нені жақсы көрсе соны бақыт деп түсініп, соған қол жеткізуді армандайды. Мысалға, адам байлыққа кенелсе, жұдырықтай жүрегі тыныштық таба ма? Байлық – қолға ұстаған мұз, еріп кетпесіне кім кепіл? Ал атағы жер жарып, даңқы тасып, мансабы өрлесе, бақытты болып, солардан бір күнде айырылса, қор болып өмірден өте ме? Ал кедейлердің көңіл-күйі қалай? Кеше интернетті ақтарып отырып Германияның Бремен университетінің ғалымдарының зерттеуін тауып алдым. Нәтижесі мынадай: дәулетті еуропалықтарға қарағанда африкалық жарлы-жақыбайлар өздерін қуанышты сезінеді екен. Ал денсаулығының кемдігі бақытсыздыққа алып келеді десек, мүмкіндігі шектеулі жандардың жарқын жүзі ойымызға қайшы болып шықпай ма? Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғибратты ғұмырына қарап, тұяғын жалғар ұлы жоқ әкелер бақыттың не екенін сезінбейді деп айта алмайтыныңыз тағы анық. Материалдық формадан бақыт табылмаса, сонда оны қайдан іздейміз? Қандай адам бақытты болады?
Жас, өмір тәжірибем аз болғандықтан менде осындай сұрақтар көп. Соған қарамастан, өзімше жауап беріп те көрдім. Үйде атам бар. Сол кісі бақытты адам деген ойға келдім. Үнемі «шүкір» деп отырады, яғни жүрегінен шүкірлік тапқандықтан атам өте жайлы, тартымды және адамдар қасынан кеткісі жоқ. «Атаңнан бізге жылы әрі жағымды энергия тарайтын сияқты» дейді достарым да. Яғни, көптеген замандастары сияқты мазасыз емес. Қазір көп қой, өзінің басында бір проблема пайда болса, соған өзгені, үкіметті кінәлі қылып шығаруға дайын тұратындар. Ал атамның жүрегі кең, Құдайдың әр күніне, әр ісіне риза. Дүниенің ары тарт, бері тарт тірлігі оның көңіл-күйін бұза алмайды! Бір күні маған: «Шүкір қылған адамның төрт жағы да – құбыла, айналасы – шұғыла» деген. Сондықтан, балам, көп шүкір қыл. Жасаған Ием несібеңді, берекеңді арттырады. Егер шүкіршілігің болмаса, ешкімге жақпайсың, өмірдің дауылы соқса, шайқалып кетесің» деді де бір хикая айтып берді.
Ертеде бір байдың керуені болыпты. Күндердің күнінде бір адам «сіздің керуеніңізді тонап кетті» деген хабарды жеткізеді. Бай оған селт етпеді, «шүкір» деп отыра береді. Сәлден соң тоналған керуен оның керуені емес екені белгілі болды. Бай тағы да шүкір қылады.
«Балам, бұл хикая не айтқысы келеді, – деп сөзін ары қарай жалғады. – Шүкірлік қылсаң, қиындықта басың салбырап, қуанышта әсерленіп кетпейсің. Мінезің тұрақты болады, айналаңа сыйлы боласың», – деп сөзін түйіндеді атам.
Расында солай. Абай Құнанбайұлының:
Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.
Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан шын асыл, тастай көрме, – дегені атамның сөзіне дәлел. Демек, жүректен табатын асылды – рухани байлықты армандасам бақытты боламын деген қорытындыға келдім. Яғни қазақ болғаныма, тәуелсіз, тыныш еліміз, ұлан-байтақ жеріміз, отбасым, берік денсаулығым болғанына, Абай, Тұрмағамбет, Нұртуған секілді дана ата-бабалардың рухани мұрасымен сусындап жатқаныма және тағы басқа барлық нәрсеге – шүкір етсем, атам сияқты ағайын-туыспен, көрші-көлеммен, дос-жаранмен тату-тәтті өмір сүріп, әр күнімді ризашылықпен өткіземін. Ақын Эдуард Асадовша айтсақ, «күнделікті өмірден бақыт таба алатын» бақытты адамға айналамын дей келе сөзімнің соңын ақын Мұрат Рақымжанның жыр шумағымен аяқтаймын.
Бақыт жайлы ойлайды әркім әртүрлі,
Ол туралы пікірлер де әрқилы.
Білмесе де шын бақыттың не екенін,
Бақыт тілеу адамдардың салты игі.

Түрлі-түрлі түсінеміз бақытты,
Шын бақыттың дәмін кімдер татыпты?!
Ал мен үшін ең бақытсыз сәтте де,
«Бақыттымын!» деген адам – бақытты!..

Димаш МҰРАТҰЛЫ

Related posts

«ШАШТЫ» ӘҢГІМЕСІ ТУРАЛЫ

ttjk

МЕН — КІММІН?

ttjk

ЖУРНАЛИСТ БОЛУ — АРМАНЫМ

ttjk