БҰРСА: ТУРИЗМ МЕН СПОРТ САММИТІ

Бұрса қаласына түркі елдерінен жиналған журналистер қауымы «Спортта зорлық-зомбылыққа жол жоқ» деген тақырыпта Туризм және спорт саммитін өткізді.

Анадолы Спорт журналистері ассоциациясының ұйымдастыруымен болған бұл шараға Қазақстаннан да БАҚ өкілдері қатысты.

Саммитке Қазақстанмен бірге Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Түркіменстан, Ресей, Бельгия, Германия, Франция тб елдердің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Ханчерли медресесі Мәдениет орталығында болған Саммитке Бұрса қаласының әкімі Алинұр Акташ, Йылдырым ауданының әкімі Исмаил Хаккы, Нилюфер ауданы әкімінің орынбасары Фырат Эмироғлұ, Сауда биржасының Мәжіліс басшысы Мехмет Айдын қатысты. Ресми билік өкілдеріне біз Түркітілдес журналистер қоры атынан шапан жауып, қазақтың ұлттық құндылығы — домбыраны сыйға тарттық.

Шапан мен домбыраға риза болған Бұрса қаласының әкімі  мұндай сыйлықты алғаш рет алғанын және жұмыс кабинетінің ең сыйлы жеріне орналастыратынын айтып, алғысын білдірді.

Туризм және спорт саммиті үш отырысты қамтыды. Алғашқы отырыста қатысушылар «Спортта зорлық-зомбылық пен тәртіпсіздіктің алдын алу» деген мәселені талқыға салды. Ұлыдағ университеті Спорт факультетінің профессорлары Сүлейман Шахин мен Еркут Туткун, Манисадағы Джелал Байар университеті Спорт факультетінің профессоры Реджеп Дженгиз спорттағы зорлық-зомбылықтың алдын алу шарттары отбасындағы тәрбиеден басталатынын, мектептерде білім беру барысында оқытушылар тарапынан балалар мен жастарға қоқан-лоққы, зорлық-зомбылық, қиянат жасаудың адами қағидаларға жатпайтынын үйрету керектігіне тоқталды.

Екінші отырыста «Спорт басылымдарында көтерілген мәселелердің құзырлы органдарға ықпалы» сөз болды. Пікір білдірушілер мақала жазған не сұхбат алған журналистің зорлық-зомбылықты насихаттауға абай болуымен қатар спорт клубтарының жетекшілері де дәл осы мәселеге жауапты екендігін айтты. Өйткені спорт ойындарында, әсіресе, футболда бәсекелес ойыншыларды ойын алаңынан аластау үшін кейде қасақана зиян келтіру, итеріп жіберу, шалып жығу не аяғынан тебу сияқты тәсілдер жиі қолданылады. Мұндайдың соңы кейде футболшының сүйікті ісімен мүлде қош айтысуына әкеп соғатыны жасырын емес. Осыны алға тартқан БАҚ өкілдері спорт клубтарының тәртіп бұзған ойыншысымен қатар жаттықтырушысы да жауап беруі тиіс деді.

«Туризм мен спорттың байланысы және спорттық шаралардың туризмде алатын орны» тақырыбындағы үшінші отырыста кез келген елді халықаралық деңгейде танытуға сеп болатын спортқа барынша көңіл бөлінуі керектігі талқыланды. Мәселен, орта мектеп оқушылары географияны жақсы білмесе де, қалалардың атынан құрылған футбол командаларын жақсы біледі. Футболшылардың ойынына сүйсінген әрбір жас пен кәрі міндетті түрде Интернет арқылы футболшы мен оның Туған жері туралы ақпарат жинайды, өзгелерге насихаттайды. Бұл туризмнің дамуына сеп болары анық.

«Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ.

Related posts

EMITT-2023: СТАМБҰЛДАҒЫ ӘЛЕМДІК ТУРИЗМ ЖӘРМЕҢКЕСІ

ttjk

9 айдағы ішкі туристер саны 6 миллион адамға жетті

editor

Тазалық акциясы тәлімге бастайды

ttjk