Елордада бүгін LRT жеңіл рельсті көлік желісі алғаш рет электр қуатына қосылады. Бұл туралы CTSкомпаниясының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Компанияның мәліметінше, 18 қазан күні сағат 10:00-ден бастап №109 және №111 станцияларының арасындағы учаскеде LRT электрмен жабдықтау жүйесіне тұрақты кернеу беріледі.
«Бүгін таңғы оннан бастап LRT желісінің белгілі бір бөлігінде электр жабдықтарына кернеу беріледі. Максималды қуат деңгейі – 20 000 Вольт, яғни жоғары кернеу қолданылады», – делінген ресми хабарламада.
CTS өкілдері құрылыс нысандарында жұмыс істейтін мамандар мен қала тұрғындарын қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
«Құрметті тұрғындар, рельс жолдарына, кабель желілеріне және электр жабдықтарына жақындамаңыз. Сондай-ақ рұқсатсыз станция аумағына немесе жол бөлігіне кіруге болмайды», – деп ескертті компания өкілдері.
Бұл қадам елордадағы LRT жобасын іске қосуға дайындықтың маңызды кезеңі саналады. Жүйенің электр қуатына қосылуы — желіні сынақ режиміне көшіруге және болашақта толық пайдалануға беру үдерісіндегі шешуші саты.