Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ресейден Қазақстанға Еуропадан транзиттелетін тауарлардың неге кешігіп жатқанын түсіндірді.
Оның айтуынша, ресейлік кеден қызметтерінің қазақстандық тасымалдаушыларды ұстауы Ресей Федерациясы Үкіметінің 2022 жылғы 9 наурыздағы № 313 қаулысының 2024 жылғы 15 қазандағы түзетулерінің қолданылуына байланысты жүргізіледі. Бұған дейін тізбеге сәйкес жекелеген тауар түрлерін елдерге (ЕО елдері және т.б.) әкетуге тыйым салу қосымша тауарларға таратылған. Аталған өзгерістер бірқатар тауарларды (ұшқышсыз ұшу аппараттары, әскери киім, электр генераторлары, аккумуляторлар және т.б.) Ресей аумағынан белгілі бір мемлекеттер мен аумақтарға (Еуропа, АҚШ, Украина және т. б.) әкетуге қосымша шектеулер енгізеді. Бұл ретте Ресей тарапы осы түзетулер енгізілгенге дейін қазақстандық тарапты хабардар етпей, осы шектеулерді біржақты тәртіппен енгізген. Шектеу салдарынан Қытайдан Еуропалық Одақ елдеріне Қазақстан мен Ресей Федерациясының аумақтары арқылы транзитпен өтетін 20 көлік шекарада қаңтарылып қалған.
Бұл тауарлар былтыр қазан айында әкетуге тыйым салынған тауарлар тізіміне қосылған. Айта кету керек, Ресей Федерациясының аумағынан тауарларды әкетуге салынған тыйымдар мен шектеулерді сақтамау Ресей заңнамасына сәйкес 50 мыңнан 300 мың рубльге дейін әкімшілік айыппұл түрінде, тауарларды тәркілеумен немесе онсыз әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Осы жағдайды шешу үшін Қазақстанның Сауда және интеграция, Сыртқы істер министрліктері Ресей Федерациясының уәкілетті органдарымен келіссөздер жүргізіп жатыр. Сауда және интеграция министрлігі Ресей Федерациясының Экономикалық даму министрлігіне аталған көлік құралдарын межелі жерге шығару немесе оларды Қазақстанға қайтару мәселелерін шешу туралы хат жолдады. ЕАЭО кедендік аумағынан кеткен кезде ұсталған тауарлар декларантқа немесе өзге де тұлғаларға қайтарылады.
Сондай-ақ, Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі осы мәселені шешу туралы Ресей Сыртқы істер министрлігіне тиісті нота жолдаған.