Қазақстан азаматтары МАК-тан 880 млн теңге көлемінде төлемақы алды

          «Мемлекеттік аннуитеттік компания» өмірді сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамының (бұдан әрі – МАК) Басқарма төрағасы Аида Құрманғалиева республикалық БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында ұйымның 2023 жылғы қызметінің қорытындылары туралы баяндады. Оның айтуынша, 900-ге жуық сақтандырылған қазақстандықтар МАК-тан шамамен 880 млн теңгеге сомаға төлем алды.

          Аида Құрманғалиева қазіргі уақытта Қазақстанда өндірісте зардап шеккен қызметкерлерді әлеуметтік қорғаудың үш деңгейлі жүйесі жұмыс істейтінін атап өтті: мүгедектігі немесе асыраушысынан айырылуы бойынша мемлекеттік жәрдемақылар, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер және өмірді сақтандыру компанияларынан сақтандыру төлемдері.

          Қызметкерді еңбек міндеттерін атқару және кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айрылу бойынша сақтандыру жағдайы 30-дан 100 %-ға дейін болған кезде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы шарт жасалған кезінде өмірді сақтандыру компаниялары, оның ішінде МАК төлемдердің бірнеше түрін жүргізеді.

       Бірінші. Қызметкердің табысынан айырылуына байланысты зиянды өтеу. Аталған  төлемнің мөлшері кәсіптік еңбекке қабілеттілігін жоғалту дәрежесіне, зардап шеккен қызметкердің орташа айлық жалақысына байланысты.

          Екінші. Қызметкер өндірісте қайтыс болған жағдайда: сақтандыру төлемдері қайтыс болған адамның 18 жасқа дейінгі балаларына; білім алушыларға 18 жастан 23 жасқа дейінгі оқу бітіргенге дейін; жұмыс істемейтін жұбайына/зайыбына кіші баласы 14 жасқа толғанға дейін; ата-аналарына (асырауындағы зейнеткерлер) – өмір бойы жүргізіледі. Бұдан басқа, жерлеуге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем жүргізіледі.

            Үшінші. Денсаулықтың зақымдануынан туындаған қосымша шығындарды өтеу. Осы шығындарды өтеу мөлшері кәсіптік еңбекке қабілеттілігін жоғалту дәрежесіне байланысты.

            Мәселен, егер қызметкердің еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі 30-59 %-ға белгіленген болса, онда оған 500 АЕК-ке дейін, 60-89 % – 750 АЕК-ке дейін, 90-100% – 1000 АЕК-ке дейін шығындар өтеледі.

           «Қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасу бойынша жауапкершілік пен міндет жұмыс берушіге жүктелген. Көп жағдайда жұмыс беруші өз қызметкерлерін сақтандыру қажеттілігін түсінеді. Сақтандыру шартын жасасудан жалтарғаны үшін айыппұл қарастырылған», – деді Аида Құрманғалиева.

            Сондай-ақ, ол 2023 жылдың қорытындысы бойынша еңбек міндеттерін орындау кезінде қызметкерлерді міндетті сақтандыру шарттары бойынша жиналған сақтандыру сыйақыларының көлемі 723 млн теңгені, ағымдағы жылдың 2 айында 78 млн теңгені құрайтынын айтты.

          «2023 жылы 900-ге жуық адам 880 млн теңгеге сақтандыру төлемдерін алды. Атап айтқанда, денсаулықтың зақымдануынан туындаған қосымша шығындарды өтеуге (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен тыс дәрілік заттарға, оңалту техникасына, санаторий-курорттық емдеуге және т. б.) шамамен 1 млн теңге төленді; кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылуына және асыраушысынан айырылуына байланысты аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша мерзімді төлемдер (мүгедектігі бар адамдарға, асырауындағы адамдарға ай сайынғы төлемдер) 878 млн теңге; зардап шеккен қызметкерді жерлеу шығындарына, ол қайтыс болған жағдайда – 1 млн теңге», – деп атап өтті МАК Басқарма төрағасы.

            Сонымен қатар Қазақстанда ресми деректер бойынша жыл сайын өндірісте еңбекті қорғау талаптарының бұзылуына байланысты орта есеппен 2 мың қызметкер жарақат алады. Елімізде жыл сайын орта есеппен 500 кәсіптік ауру тіркеледі.   

            «Негізгі проблемалық мәселелердің бірі – міндетті сақтандырумен толық қамтылмау. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша жыл сайын жұмыс берушілердің шамамен 58%-ы өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттарын жасасады. Қазіргі уақытта мемлекеттік еңбек инспекторлары кәсіпорынның сақтандырылғанына немесе сақтандырылмағанына мониторинг жүргізу жұмысын бастады», – деді Құрманғалиева.

            Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек жағдайлары зиянды жұмыста істейтін қызметкерлерді әлеуметтік қамтамасыз етуді арттыру бойынша негізгі тәсілдер енгізілді.

            Бірінші. Зиянды жағдайларда ұзақ уақыт жұмыс істейтін қызметкерлер үшін арнаулы әлеуметтік төлемді (бұдан әрі – АӘТ) енгізу.

            Екінші. Қызметкердің еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру.

       Үшінші. 2015 жылға дейін жарақат алған адамдарға сақтандыру төлемдерін өмір бойы жүзеге асыру (регрессниктерге қолданыстағы шектеулерді алып тастау).

            АӘТ тағайындаудың негізгі шарттары 55 жасқа толу және кемінде 84 ай (7 жыл) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының болуы болып табылады.

            Еңбек  жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдар үшін арнаулы әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері шамамен 208 мың теңгені құрайды және келесіден тұрады:

            — республикалық бюджеттен 2 ең төмен күнкөріс деңгейі (86 814 теңге) мөлшерінде арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы;

            — зейнетақы алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша 1 ең төмен күнкөріс деңгейі (43 407 теңге) мөлшерінде сақтандыру төлемі;

           — жұмыс берушінің қаражаты есебінен 1 ең төмен күнкөріс деңгейі (43 407 теңге) мөлшерінде кәсіптік төлем;

           — БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері.

           Бүгінгі таңда АӘТ тағайындау шеңберінде сақтандыру төлемін алу үшін МАК-қа
13 адам жүгінді.

      «Мемлекеттік аннуитеттік компания» ӨСК» АҚ Басқарма төрағысы Аида Құрманғалиева зейнетақымен сақтандыру туралы да айтты.

      «Зейнетақымен сақтандыру – бұл азаматтардың зейнетақы жинақтарынан қалыптасқан, өмірді сақтандыру компаниясынан берілетін зейнетақының өмір бойғы сақтандыру төлемдері. Зейнетақы аннуитеті адамның өмір бойғы төлемдеріне кепілдік береді және тұтынушыны инвестициялық қаупінен, тәжірибе қаупінен және инфляциядан қорғайды», – деп атап өтті Құрманғалиева.

       2023 жылдың қорытындысы бойынша зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша жиналған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 1 млрд 993 млн теңгені, ағымдағы жылдың 2 айында – 494 млн теңгені құрайды.

             Сақтандыру компаниясынан зейнетақы алудың ерекшелігі – зейнетақы жинақтары жеткілікті болған жағдайда оны әйелдер 53 жаста, ер адамдар 55 жаста ала бастайды.

             Бұл ретте зейнетақы аннуитетінің иесі еңбегін жалғастырып, жинақтарын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударады.

             Қазіргі уақытта актуарийлердің есептеулері бойынша 55 жастағы ер адамдар үшін зейнетақы аннуитетінің жеткіліктілігі – 8,5 млн теңге, 53 жастағы әйелдер үшін – 11,2 млн теңге.

             Осы өнімді дамыту мақсатында жұмыс беруші міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын өндірген адамдарға – бұл, әдетте еңбек жағдайлары зиянды жұмыста жұмыс істейтін адамдардың 50 жастан бастап зейнетақы аннуитеті шартын жасасу мүмкіндігі бар.

            Соңғы 5 жыл ішінде жұмыс беруші міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеген адамдар үшін 2024 жылға арналған жеткіліктілік сомасы ерлер үшін 7,2 млн теңгені, ал әйелдер үшін – 9,4 млн теңгені құрайды.

           «Сондай-ақ, кейінге қалдырылған, «мерзімі кейінге қалдырылған» деп аталатын зейнетақы аннуитеті бар, оны 45 жастан бастап сатып алуға болады. Бұл БЖЗҚ-да жеткілікті жинақ сомасы бар адамдарға 45 жастан бастап өмірді сақтандыру компаниясына жинақтарды аударуға және ресми зейнеткерлікке шыққанға дейін өздерінің зейнетақы жинақтарынан төлемдер алуға мүмкіндік береді», – деп Аида Құрманғалиева нақтылады.

           Кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитетін жасасу үшін 45 жастағы ер адамның
БЖЗҚ-да кемінде 7,8 млн теңге, ал сол жастағы әйелде 9,7 млн теңге жинақталуы қажет.

           Жұмыс беруші міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын өндірген адамдар – бұл, әдетте еңбек жағдайлары зиянды жұмыстатарда істейтін адамдар 40 жастан бастап кейінге қалдырылған аннуитет шартын жасасу мүмкіндігіне ие.

           Соңғы 5 жыл ішінде жұмыс беруші міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеген адамдар үшін 2024 жылға арналған жеткіліктілік сомасы ерлер үшін 6,2 млн теңгені, ал әйелдер үшін – 8,1 млн теңгені құрайды.

           Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың жекелеген санаттары үшін зейнетақы аннуитетінің қолжетімділігін арттыру мақсатында жеткіліктілік сомасы басқа азаматтарға қарағанда төмен, атап айтқанда:

         — 1-топтағы мүгедектік үшін кемінде 2,6 млн теңге;

         — 2-топтағы мүгедектік үшін кемінде 3,8 млн теңге;

         — 3-топтағы мүгедектік үшін кемінде 5,9 млн теңге.

 

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің
баспасөз қызметі.

Related posts

Афион — музейге бай қала

ttjk

Fish-laden tables

ttjk

Турция: идеальный вариант для незабываемых впечатлений от игры в гольф

Назия Жоямергенқызы