ҚАЗАҚСТАН ҚАТЕРЛІ ІСІККЕ ҚАРСЫ

4 ақпан – Дүниежүзілік ракқа қарсы күрес күні. Осыған орай, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты бүгін баспасөз мәслихатын өткізді.

 

Қазақстанның Бас онкологы Диляра Хайдарова ханымның айтуынша, қазір еліміз бойынша 180 мың адам онкологиялық тіркеуде тұр. Олардың көпшілігі Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облыстары мен Алматыдан екен.

Обырдың ең көп тараған түрі: сүт бездері, өкпе, тоқішек, жатыр мойны мен асқазан рагы. Ресми мәліметтерге сүйенсек, былтыр 36 345 адам қатерлі ісікке шалдыққан. Аты жаман аурудан қаза тапқандар саны – 14060 адам. Рактың алғашқы кезеңінде дәрігерлікке көмекке жүгінетіндердің қатары өскен (26,8 пайыз). Осының нәтижесінде, дертінен құлан-таза айығып кететіндер көбейген. Егер дерт енді басталғанда емделе бастаса, дәрі-дәрмекпен-ақ құлан-таза жазылады. Онкологтардың айтуынша, адамдар еш жері ауырмай тұрғанда дәрігерлерге алдын ала тексеруден өтуі тиіс. Егер бір жері қатты мазалап, тыным бермесе, көп жағдайда ауру асқынып кетті деген сөз. Өкініштісі сол, адамдар өз денсаулығына жауапкершілікпен қарамайды. Осының салдарынан рактың 3 не 4-кезеңіне дейін асқынып кетеді.


Дәрігерлердің айтуынша, өкпе рагына көбінесе темекі тарататын азаматтар ұшырайды екен. Соңғы кездері әйелдер мен қыздардың арасында темекі тартатындар көбейген. Бұл – өкпе рагының басталуына себеп болатын ең басты қауіп. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мамандары осы дертті ерте анықтау үшін ренгтен, КТ жасау қажеттігін айтты.
Қазір еліміздегі емханаларда сүт бездері рагына 40-70 жас аралығындағы әйелдер; жатыр мойны қатерлі ісігіне 30-70 жастағы әйелдер мен тоқішек қатерлі ісігіне 50-70 жастағы әйелдер мен ерлерге онкологиялық скрининг тегін өткізіледі және емделеді. ҚР «Халықтың денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа заң жобасында жұмыс берушілерге жаңа міндет жүктелген: қарамағындағы қызметкерлердің тегін скринингтен өтуіне жағдай жасау. Былтырғы мәліметтерге келсек, жатыр мойны қатерлігі ісігіне – 954 322 әйел (30-70 жас); сүт бездері қатерлі ісігіне 859 877 әйел (30-70) шалдыққан.
2019 жылдан бастап елімізде алғаш рет өкпе рагы, тері меланомасы мен колоректальды қатерлі ісігімен (тоқішек пен тікішек рагы) ауыратындарға жекелеген ем тағайындау үшін молекулярлық-генетикалық зерттеулер жүргізу қолға алынды. Сондай-ақ, қатерлі ісік бар деген күдік туған жағдайда пациенттерге КТ мен МРТ жасалады. Бұрын бұл тексеру саны тым шектеулі болған.
Онкологиялық науқастарға паллиативтік көмекті оңтайландыру үшін арнайы 19 жедел бригада ұйымдастырылған. Сондай-ақ, Гинеколгиялық обырдың халықаралық ұйымы, Сүт бездері қатерлі ісігінің Еуропалық-Азиялық қоғамы, Мадрид онкологиялық қоғамы сияқты бірқатар жетекші ұйымдармен өзара тиімді Меморандумдарға қол қойылып, халықаралық деңгейдегі тәжірибелі мамандармен телеконсультациялар енгізілген. Осының нәтижесінде, былтыр 2126 кеңес өткізілген.


Бүгінгі баспасөз мәслихатына рактан құлан-таза жазылған азаматшалар келді. Олардың бірі – Гүлнар Дастанова өзінің дертін әбден асқынғанда, яғни, жатыр мойны қатерлі ісігі 4-кезеңге жеткенде бір-ақ білгенін айтады: «Дер кезінде дәрігерлерге тексерілген жоқпын. Оның себебі, шет елде жүрдім. Диагнозымды естігенде Қазақстанға, Туған жеріме барамын, сол жақтан емделемін деп шештім. Алдымен қойылған диагноз бойынша көп іздендім, адамдардан, дәрігерлерден сұрадым, әбден зерттедім. Ең бастысы, жазылатыныма сендім. Қатты қиналдым, бірақ оның бәрі артта қалды. Отандастарыма айтарым, дәрігерге уақытылы қаралыңыздар, спортпен айналысыңыздар, салауатты өмір салтын ұстаныңыздар, дұрыс тамақтануға көңіл бөліңіздер».
Екінші пациент Шолпан Уәлиеваның айтуынша, жатыр мойны қатерлі ісігі 3-кезеңге өткенде онкологиялық тіркеуге тұрған: «Дәрігерлер қаншама рет емделу керектігін ескертті. Тегін скринингтен өт деді. Бірақ мен көңіл бөлмедім. Жалғызбасты анамын, қызымды аяғынан тік тұрғызам деп жүргенде ракты асқындырып алғанымды білдім. Жасыған жоқпын. Бірден емделуге кірістім. Құдайға шүкір, құлан-таза айықтым. Негізі мен сияқты жазылып кеткендер көп. Адамдарға айтуға тіл-көз тиіп кетеді, ауруым қайталанады деп қорқады. Бұл дұрыс емес, меніңше. Айту керек, адамдарға ескертіп, ауырып қалғандардың көңіліне үміт ұялату керек».
Журналистермен кездесуге 17 жастағы Аружан Тоқан да келді. Ол бастапқыда мойнына шыққан ісікті көрсеткенде дәрігерлер рак дегенін, бұл дерттен қинала жүріп, толық емделіп шыққанын жеткізді.
Соңғы кездері рактың таралуына тосқауыл қоюға жергілікті билік өкілдері де белсене араласа бастаған. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі қатерлі ісікке қарсы күресті қолдайтынын білдіріп, «Бәйтеректің» шамын жаққан. Дәл осындай қолдауды басқа өңірлердің басшылары да көрсетсе, игі. Өйткені, аты жаман аурумен күресті бүкіл Қоғам боп қолға алуымыз шарт. Дертке ұшыраудың басты себептерінің бірі – экологиялық проблемалар, халықтың әлеуметтік ахуалының төмендігі, денсаулығына жауапкершілікпен қарамауы т.б. Кез келген адам ұзақ өмір сүргісі келсе, жүйелі түрде тексеруден өтіп тұруы тиіс. Құны тым қымбат тұратын тексерулер, скринингтерді Үкімет халыққа тегін жасап жатыр. Демек, осы мүмкіндікті пайдаланып қалу қажет.

Нәзия Жоямергенқызы

Related posts

Қызылша қаупі: Астананың бас санитарлық дәрігері вакцинация туралы айтты

Назия Жоямергенқызы

СТАМБҰЛ: ТАКСИМДЕГІ ЖАРЫЛЫС

Назия Жоямергенқызы

«Қазақстандағы білім беру: STEAM ұлттық моделі» конференциясы

ttjk