Жыл сайын әлем бойынша миллионнан астам адамда қатерлі ісік табылады. Қазақстанда 2025 жылғы көрсеткішке сәйкес, 249 мыңнан астам науқас тіркеуде тұр. Оның 40 мыңнан астамына диагноз 2025 жылы қойылған. Бұл туралы Түркутілдес журналистер қорының БАҚ өкілдеріне арнап ұйымдастырған медициналық тексеру барысында айтылды.
Қазақстан мемлекеті әлемді алаңдатқан қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтау мақсатында ұлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Қазақстан аумағындағы онкологиялық бағдарлама ҚР Үкіметі бекіткен «Қазақстан Республикасында онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар» шеңберінде жүргізіледі. Аталған жоспарға сәйкес, Қазақстан азаматтары Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша сүт бездері, жатыр мойны мен тоқішек қатерлі ісігіне тегін тексеруден өтуге қақылы. Бұл МӘМС төлесең де, төлемесең де скринингтен өтуге болады деген сөз. Әрине, егер ем қажет болған жағдайда МӘМС арқылы алу қажет.
Алматы Аймақтық көпсалалы клиника директорының орынбасары Игорь Новиковтың айтуынша, «Заманауи онкология өте ерекше қарқынмен дамып келеді. Диагностиканың молекулярлық-генетикалық тәсілдері енгізілуде, жеке терапия, иммундық-таргеттік емдеу т.б. Бұлар науқастардың өмірін ұзартуға және өмір сүру сапасын жақсартуға сеп. Өкінішке қарай, ғылыми дамуға қарамастан, ауруды ерте анықтау мен жоғарытехнологиялық медициналық көмек көп елдерге қолжетімсіз боп отыр. Қазақстанда қатерлі ісікті ерте анықтауға қатты назар аударылады. Өйткені дерт нғұрлым ерте әрі тез анықталса, одан құлан-таза жазылу соғұрлым жеңіл. Рактың алдын алу, ерте анықтау, ауруханаға жатқызу, емдеу өте маңызды».
Бүгінде Алматы облысы бойынша 12 283 адам тіркеуде тұр. Ауруды ерте анықтау мақсатында өткізілетін скрининг нәтижесінде сүт бездері рагы бойынша — 77 388, жатыр мойны рагы бойынша — 12098, тоқішек рагы бойынша 91354 адам тексеруден өткен.
Осының арқасында қатерлі ісік болуы мүмкін деген (предопухлевая паталогия) диагноз сүт бездері — 12 мыңнан астам әйелде, жатыр мойны — 1799 әйелде, токішек 247 адамда анықталған. Осы үш диагноз бойынша рактың 0-1 кезеңінде тұрған 170 науқас тіркеуге алынған. Бұл дегеніңіз — ерте анықталған ауру емделуге тез көнеді.
Өкінішке қарай, адамдар мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланбайды. Біреулердің тегін тексеруден хабары жоқ, енді біреулер “қатерлі ісік табылуы мүмкін” деп қорқады. Сөйтіп жүргенде ауруын асқындырып алуы мүмкін.
2023 жылы Алматы облысының әкімдігі, Қазақстан Онкология мен радиология ғылыми-зерттеу институты мен Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен, «Қазақстан халқына денсаулық сақтау жолы» қайырымдылық бағдарламасының шеңберінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Алматы облысына Компьютерлік томография мен цифрлық маммография мобильді кешенін сыйлаған. Осының арқасында облыс орталығынан шалғайда жатқан аудан, ауылдарға барып, скрининг өткізіп, рактың алдын алу мен қатерлі ісіктің алғашқы кезеңінде анықтайтын қыруар шаруа атқарылып келеді. Мысалы, 2025 жылы аудандарға 55 жылжымалы тексеру ұйымдастырылып, 13 414 адам медициналық тексеруден өткен. Осының нәтижесінде 32 науқастан рак анықталған, 290 науқасқа қатерлі ісік болуы мүмкін деген диагноз қойылған.
Алматы аймақтық көпсалалы клиниканың тағы бір дәстүрлі науқаны – қатерлі ісікті анықтауға қатысты Ашық есік күні. Негізі айына 1 рет болуы тиіс науқан былтыр 13 рет өтіпті. Нәтижесінде 500 тұрғын скрининг жасатып, оның 12-сінде рак анықталған, 250 науқаста қатерлі ісік болуы мүмкін деген. Ашық есік күнінде облыс тұрғындары қажет болса, ультра дыбыстық зерттеу, ЭФГДС жасауға қақылы. Скрининг туралы ақпаратты Қазақстан азаматтары өздері тіркелген емханадан ала алады.
Бүгінде қатерлі ісік дерті Қазақстанда медициналық қана емес, әлеуметтік-экономикалық проблемаға айналып отыр. Дәрігерлердің айтуынша, қатерлі ісіктен әйелдерге қарағанда еркектер көбірек қайтыс болады екен. Оның себебі, әйелдер денсаулығына жауапкершілікпен қарайды. Әлбетте, денсаулықтың басты байлық екенін ескерсек, жауапкершілік жыныс талғамайтыны анық.
Нәзия Жоямергенқызы
#түркітілдесжурналистерқоры #фондтюркоязычныхжурналистов #turkdilikonuşangazetecilervakfı
#turkicspeakingjournalists #checkup #media




