2025 жылдың 6 мамыр күні Қаратау қорығы аумағындағы «Хантағы — Кемпіртас» соқпағында VІІІ аймақтық «Қаратау қызғалдақтары» шығармашылық сурет байқауы өтті. Шара «Таза Қазақстан» экологиялық тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылып, табиғатты қорғау және өскелең ұрпақты қоршаған ортаға деген жауапкершіліктерін арттыруға бағытталды.
Байқауға Кентау қаласынан 40-тан астам балалар мен жас суретшілер қатысты. Олар Кентау балалар көркемсурет мектебі мен ЮНЕСКО клубының оқушылары болып табылады. Оқушылардың басты мақсаты — туған жеріміздің табиғатының әсемдігін сезініп, оны бейнелеу арқылы қоршаған ортаны сүюге, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға талпыныс жасау.
Қазақстанның экологиялық аймақтарында қызғалдақтар ерекше орын алады. Әлемде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі кездесетін болса, Қазақстанда олардың 35 түрі бар, және оның 18 түрі еліміздің Қызыл кітабына енгізілген. Қаратау қорығының аумағында да қызғалдақтардың ерекше түрлері өседі, бұл жерлер табиғат әсемдігінің айқын үлгісін көрсетеді.
Байқауда жас суретшілер табиғаттың әсемдігін, оның қоршаған орта мен экосистема үшін маңыздылығын бейнеледі. Бұл шара олардың шығармашылық қабілеттерін дамытып қана қоймай, сонымен бірге табиғатқа деген сүйіспеншіліктерін арттыруға көмектесті.
«Қаратау қызғалдақтары» байқауы — тек шығармашылық шара ғана емес, сонымен қатар экология мәселелеріне назар аудартып, табиғат қорғауды мақсат ететін маңызды оқиға болды. Байқауға қатысушылар мен қонақтар еліміздің табиғатын сақтауға, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруға шақыратын көріністермен танысты.
Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы Компьютерлік технологиялар кафедрасы Медиажурналистика мамандығының 1-курс студенті Нұрай Даулетжанқызы