Алматыда борышкерлердің пәтеріндегі ыстық суы өшіріледі

Алматының коммуналдық қызметі жылудың ақшасын төлемеген тұрғындардан сот арқылы қарызын өндіріп, толық өтелгенше пәтеріндегі ыстық суын өшірмек. Қазірдің өзінде ыстық су мен жылудың қарызы шамамен 2,1 миллиард теңгеге жетті.
Енді күн сайын «Алматы жылу жүйесіне» қарыз бірнеше ондаған борышкер ыстық судан қағылады. Айта кететін нәрсе, екі және одан да көп ай бойы төленбесе, тұтынушы борышкер санатына еніп, қарызды өтеу туралы хабарлама алады. Егер борышкер сонда да қарызын жаппаса, шара қолданылып, пәтеріндегі не үйіндегі ыстық суы өшіріледі.
Борышкерлерге ыстық су беруді тоқтату – бұл амалсыз қолданылған шара. Кәсіпорын мұндай шараға баруға мәжбүр, өйткені тұтынушылардың жылудың ақысын төлемеуі алдағы жылыту маусымына толық дайындалуға, қыстан қысылмай шығуға кері әсерін тигізеді.
Биыл жыл басынан бері Алматыда жылудың ақшасын төлемеген 1610 абоненттің үйіндегі ыстық суы өшірілген. Бүгінге дейін компанияға жылу мен ыстық су үшін төлемеген 1212 тұтынушының активі, 355 банктік есепшот бұғатталды, төлемді уақытында төлемеген 165 азаматқа Қазақстаннан шығуға тыйым салынды.
Сотқа шағым түсіру арқылы пайдаланылған жылу үшін берешекті өндіріп алуда борышкердің жылжымалы және жылжымайтын мүлкін, көлік құралын, банктік шотын бұғаттау, республикадан тыс жерге шығуына шектеулер енгізу, қызметтің барлық түрі бойынша лицензиялардың қолданылуын және мемлекеттік органдардан құжат рәсімдеуді тоқтата тұру көзделгенін естеріңізге саламыз.
Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, коммуналдық қызмет бойынша қарыздың болуы (борышкерлер туралы ақпарат «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ сұрауы бойынша беріледі) несие беру кезінде де ескеріледі.
Мұндай шаралар қарызды әдейі төлемеушілерге қатысты ғана қолданылады — ыстық суды өшіруден бастап сот арқылы өндіріп алу шарасын қолданып, компания өкілдері оларға міндетті түрде жинақталған қарызы туралы хабарлап отырады және басқа да бірқатар алдын алу шарасын жүргізіп келеді.
Жылу жүйесінің қызметкерлері қарызды өндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп отырғанын хабарлады. Сондықтан «АлЖЖ» ЖШС азаматтарды қарызын тез арада өтеуге және коммуналдық қызмет үшін төлемді уақытылы төлеуге жауапкершілікпен қарауға шақырады.
«Алматы жылу жүйесі» ЖШС

Related posts

Мемлекет басшысы Экология және табиғи ресурстар министрін қабылдады

ttjk

Стамбулдың сұлулығын қыркүйекте сезініңіз

editor

Мировые лидеры инсентив-туризма собрались в Стамбуле для глобальной конференции SITE

ttjk