Алматы облысында облыстық жаңа коммуналдық автобус паркі қызметін бастап, алғашқы 25 автобус тұрғындар қолданысына берілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл алғаш рет Алматы облысының 332 тұрғыны жұмыспен қамтылатын коммуналдық автобус паркі құрылды. Автобус паркі Іле ауданы, Өтеген батыр ауылында орналасқан, мұнда қазірдің өзінде 25 техника жұмыс істейді. Атап өтер болсақ, кесте бойынша сағат 5:40-тан 22:00-ге дейін, ал автобус қозғалысының аралығы – 20 минутты құрайды.
Облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов облыс тұрғындарымен кездесу барысында елді-мекендердегі қоғамдық көліктің тапшылығына қатысты арыз-шағымдар түскенін баса айтты.
«Мемлекет басшысы 2022 жылғы 19 қазанда Алматы облысына жұмыс сапары барысында жолаушылар көлігімен қамтылмаған ауылдық елді-мекендерге автобус маршруттарын беретін коммуналдық кәсіпорын құруды тапсырған болатын. Осы бұйрықты жүзеге асыру мақсатында 2023 жылдың 31 қаңтарында «Алматы облысының автобазасы» ЖШС мемлекеттік кәсіпорны құрылды. Осы уақытқа дейін логистика және басқа да ресурстар бойынша жұмыстар жүргізіліп келгендіктен, бұл парк өз жұмысын бастай алмады. 1 шілдеде парк алғашқы маршруттарды іске қосты. Сонымен қатар, біз Алматы қаласымен бірлесе отырып, агломерацияның 50 шақырымдық аймағында жаңа бағыттарды әзірлеудеміз. Сонымен қатар, қазір облыс бойынша 9 бағытта қызмет көрсететін қосымша 130 жаңа автобус сатып алу жұмыстары жүргізілуде», — деді облыс әкімінің орынбасары Алмас Сұлтанұлы.
Автопарк 20-ға жуық ауылдық елді-мекенді, бір қаланы – «Gate City» және Іле ауданының екі ірі шағын ауданын біріктіреді.
Сондай-ақ жақын арада автобустардың өзінде QR код немесе банк картасы арқылы төлем жасалатын электронды билет жүйесі орнатылатын болады.