24 қарашада Алматы–Бішкек бағыты бойында адам өлімімен аяқталған ауыр жол-көлік оқиғасы тіркелді. Алдын ала ақпарат бойынша, оқиға салдарынан алты адам қаза тауып, тағы бес жолаушы түрлі жарақаттармен медициналық мекемеге жеткізілді.
Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген ауыр кадрлар тарап жатыр.
Полиция департаментінің мәліметінше, апат Алматы–Бішкек автожолының 65-шақырымында орын алған.
Алдын ала деректерге сәйкес, 23 жастағы Audi көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы бағытқа шығып, Toyota маркалы автокөлікпен бетпе-бет соқтығысқан.
Жол апаты салдарынан екі жүргізуші мен үш жолаушы оқиға орнында қаза тапқан. Ал бір жолаушы ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлердің жан сақтап қалу әрекеттеріне қарамастан, медициналық мекемеде көз жұмған.
Бұдан өзге, тағы бес адам әртүрлі дене жарақаттарын алып, қазіргі уақытта дәрігерлердің бақылауында.
«Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайын толық анықтау үшін жан-жақты тергеу жүргізілуде. Тергеу барысы Алматы облысы ПД басшылығының арнайы бақылауына алынды», – делінген ведомство хабарламасында.
