Технология сәт сайын жылжыған дәуірде білім саласы да жаңа қадамдарды қажет ететіні анық. Өйткені бүгінгі мұғалімге артылар жүк те ауыр. Оқушының шырағын жағып, өзіне беймәлім кеңістікке еркін енуіне көмектесетін білім. Ал, бұл жауапкершілікті арқалаған мамандық иесі ұстаз. Өзім де шәкірттеріммен өткізер сабақтарда түрлі тәжірибелерді қолдануға тырысамын. Әсіресе, TopIQ платформасы мен үшін көштің алды дер едім. Мектебімде бұл платформаны 134 мұғалім қолданып, 640 оқушы сабақ барысында пайдаланады.
TopIQ платформасы бірнеше қызметті атқаруға мүмкіндігі мол. Бағдарламаны тек сабақ барысында ғана қолданып қоймай, оқушы тапсырмаларын тексеруде, ата-аналармен жұмыс істеуде, байқаулар мен әкімшілік тарапынан ұйымдастыратын жұмыстарда қызметін қолданамыз. Платформада мемлекеттік білім беру бағдарламасы шеңберіндегі интерактивті және мультимедиялық материалдар біріктірілген және оқушылар мен мұғалімдердің бір-бірімен кері байланысы үшін тиімді құрастырылған. «Leader TopIQ – 2023» республикалық байқауында бақ сынаған оқушымыз Берікқали Кәусәрдың “Жас дәурен” бағамы бойынша II-орын алуы жұмысымыздың жемісі һәм мұғалімдеріміздің жетістігі деп санаймыз. Әрі жаңа жылдық мереке қарсаңында «Алматыкітап» баспасы директорлар кеңесінің төрайымы Баталова Эленора Нығметқызы мен «Алматыкітап» баспасының президенті Гаухар Айтжановна Саймасаева Кәусәрға «TopIQ» платформасын белсенді пайдаланып, үздіксіз байланыс орнатқаны үшін мерекемен құттықтап, Samsung Tab A8 планшетін сыйға тарту етті. Бірқатар мұғалімдеріміз де байқаудың үздіктері қатарынан көрінді.
Платформа туралы шәкіртіміз не дейді?
Валитова Ранида, Жаңақала ЖОББМ-нің 9-сынып оқушысы, облыстық пәндік олимпиада жеңімпазы:
– Біздің әр сабағымыздың қызықты өтуіне TopIQ платформасы көмекке келеді. Платформадағы бейнематериалды бірнеше рет көру арқылы түсінігімізді толық қалыптастырамыз. Электронды нұсқада жасалғандықтан кез келген уақытта смартфонда болуы да қуантарлық!
Сәуле Досжан “Ауылдан шыққан миллионер” атты кітабында “Кеше білгенім, бүгінге жарамсыз болып қалуы мүмкін. Себебі дүние күнде жаңарып отырады” дейді. Мен де TopIQ платформасы оқушы мен мұғалімнің кәдесіне жарайтын, һәм Алаш аманатын арқалаған ұлт пен ұрпақтың білімді болуына қызмет ететін мақсатта туғанына сенемін. Кешегі Ахметтер мен Әлихандарды бәлкім, TopIQ платформасын қолданатын мұғалімдер дайындайтын шығар.
Сағыныш ҚОЖАҒАЛИЕВА,
БҚО, Жаңақала ауданы,
Жаңақала жалпы орта білім беретін
мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары