Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды «Қалқаман» метро станциясы мен оған жалғасатын тоннельдердегі құрылыс қарқынымен танысып қайтты.
Әкімдік өкілдері мегаполистегі метрополитеннің бірінші желісінің үшінші іске қосу кезеңі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында мәлімет берді.
Олардың айтуынша, сол жақ перегонындағы «Б. Момышұлы» станциясынан «Қалқаман» бекетіне дейінгі бөлікте рельстер төсеу толық аяқталған. Тоннель ішінде электр желілерінің кабельдері, су құбыры, дренаж жүйесі тартылып, инженерлік жабдықтарды орналастыруға арналған кронштейндер орнатылған.
Келесі кезеңде бейнебақылау орнату, дыбыстық хабарлау жүйесін енгізу, өртке қарсы және қауіпсіздік дабылдарын іске қосу жұмыстары жоспарлануда. Ал оң жақ тоннельде қазу жұмыстары әлі де жүріп жатыр: жалпы ұзындығы 1 593 метрдің 1 285 метрі аяқталып, 308 метрі қазылмаған.
Станция аймағында монолиттік құрылыс нысандарының басым бөлігі тәмамдалып, қайта топырақ көму жұмыстары жүргізілуде. Ішкі кеңістікте әрлеу, инженерлік жүйелерді тарту және жабдық орнатуға дайындық жүріп жатыр. Барлық өндірістік процесс тәулік бойы тоқтаусыз атқарылуда. Қазір объектіде 478-ден аса жұмысшы еңбек етуде: оның 149-ы — жер асты учаскелерінде, 329-ы — жер үсті алаңдарында.
Дархан Сатыбалды бекітілген мерзімді сақтаудың және құрылыс сапасын қамтамасыз етудің аса маңызды екенін атап өтті.
Әкімнің айтуынша, «Қалқаман» метро станциясының салынуы Алматының көлік инфрақұрылымы үшін өте маңызды жоба болып табылады және метроның батыс бағытқа қолжетімділігін айтарлықтай жақсартады.
Құрылыс және монтаждау жұмыстары 2026 жылдың алғашқы жартысының соңына таман толық аяқталады деп жоспарлануда.
