Халықаралық футбол тарихы мен статистика федерациясы – IFFHS өздерінің ресми интернет-ресурсында әлемнің ең мықты 500 футбол клубының жаңартылған тізімін ұсынды.
Аталған рейтингке Қазақстан атынан енген жалғыз команда – алматылық Қайрат. Клуб 90,75 ұпай жинап, жалпы кестеде 240-сатыға орналасты.
Айта кету керек, «Қайрат» бірқатар атақты еуропалық ұжымдарды артта қалдырған. Атап айтқанда, Францияның Ницца командасы 242-орынға жайғасса, Испанияның Севилья 252-орынды иеленген. Ал Англия өкілі Вест Хэм253-сатыда тұр.
Ал рейтингтің көшбасшыларына тоқталсақ, бірінші орынды Францияның Пари Сен-Жермен клубы еншілесе, екінші орында Испанияның әйгілі Реал Мадрид командасы орналасқан. Үздік үштікті Лондондық Челси түйіндеп отыр.
Рейтингті құрастыру барысында клубтардың 2024 жылғы 1 желтоқсан мен 2025 жылғы 30 қараша аралығындағы нәтижелері негізге алынған.
Сонымен қатар, жуырда «Қайрат» құрамын тағы бір легионер толықтырғанын айта кеткен жөн. Финляндиялық футболшы Яакко Оксанен алматылық клубпен келісімшартқа қол қойып, ол 2027 жылдың желтоқсанына дейін жарамды болады.
