Астаналық төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушысы Саят Пшембаев қызметтік міндетін атқару барысында көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін марапатқа ие болды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, Саят Пшембаев өз өмірін қатерге тігіп, көпқабатты тұрғын үйдің 14-қабатында қауіп жағдайында қалған қызды аман алып шыққан. Оның жедел әрі кәсіби әрекетінің арқасында қайғылы оқиғаның алдын алу мүмкін болды.
Ерлік пен кәсіби шеберлік үлгісін көрсеткені үшін құтқарушы Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновтің бұйрығымен марапатталды. Саят Пшембаевқа ТЖМ Құрмет грамотасы мен бағалы сыйлық табысталды.
“Мұндай ерліктер – құтқарушы мамандығының шынайы мәнін айқындайды. Олар ең ауыр сәтте де адамдардың жанынан табылып, өзгенің өмірі үшін өз өмірін тәуекелге тігеді. Осындай адал қызметкерлерімізбен біз мақтанамыз,” – деді министр Шыңғыс Әрінов.
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі
