Аида Балаева X Петербург халықаралық мәдени форумына қатысты

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның басшылығымен қазақстандық делегация Санкт-Петербургте оныншы Халықаралық мәдени форумға қатысып жатыр. Бұл іс-шара 80 елдің өкілін жинап, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық пен мәдени мұраны сақтау және гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелерін талқылау алаңына айналды.

Аида Балаева өз сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың дәстүрлі және отбасылық құндылықтарды сақтауға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.

«Дәстүрлі және отбасылық құндылықтар – қуатты қоғамның негізі, ал оны нығайтатын – үздіксіз дамып жатқан мәдениет саласы. Мәдениет жас ұрпақты өнер әлеміне баулып, әдемілікті түсінуді қалыптастыруға, эмпатия мен гуманизмге ашық болуға әсер етеді. Ол адамды сан алуан ойға жетелеп, қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершілігін сезінуге міндеттейді», — деді министр.

Аида Балаева сондай-ақ театр, концерттік іс-шаралар, музей ісі мен креативті индустрияны қамтитын үш жылдық мәдени ынтымақтастық жоспарын әзірлеуді ұсынды. Бұл жоспардың басым бағыттарының бірі – дәстүрлі және отбасылық құндылықтарды насихаттау. Бұл бағытта алғашқы қадам ретінде дәстүрлі және отбасылық құндылықтарға арналған көркем фильмнің үздік сценарийіне халықаралық конкурс ұйымдастыру, экология мен қоғамдық мәдениет тақырыбында халықаралық суретшілер фестивалін өткізу ұсынылды.

Форумның панельдік сессияларында Қазақстан мәдениет қайраткерлері – Astana Ballet театры директорының орынбасары Валерий Кузембаев пен Ұлттық музей директоры Айбек Сыдықов та сөз сөйледі. Олар ынтымақтастықты дамыту жөніндегі ой-пікірлерін бөлісіп, халықаралық мәдени жобалардағы қазақстандық тәжірибені таныстырды.

Сонымен қатар, X Петербург халықаралық мәдени форум аясында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Ресей Мәдениет министрі Ольга Любимова мәдени ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылады.

Related posts

Мемлекет басшыларының құттықтауы келіп жатыр

editor

БОЛАШАҚ ЖУРНАЛИСТЕРГЕ КЕҢЕС: «ҮЗДІК БЕСТІК»

ttjk

Месопотамиялық экспресс: Түркиядағы ең жаңа және ең танымал туристік пойыз бағыты

ttjk