Бородулиха ауданының Дмитриевка ауылындағы «ВостокЛесИндустрия» ЖШС базасында өрт сөндіру пункті ашылды. Нысан Дмитриевка және Боровое ауылдарына қызмет көрсетеді. Бұл ауылдарда 1151 адам тұрады, 358 үй мен бірқатар әлеуметтік нысандар орналасқан.
Жаңа пункт тәулік бойы жұмыс істеуге мүмкіндік беретін құралдармен жабдықталған. Атап айтқанда, демалыс бөлмесі, ас үй аймағы, санитарлық торап және жуынатын бөлме бар. Пункт тұрмыстық, дала және орман өрттері кезінде жедел әрекет етуге бағытталған.
Нысанның ашылуына облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов пен Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Манарбек Шапағатов қатысты.
Облыста 72 өрт сөндіру пункті бар, соның тоғызы биыл ашылған. Бұл нысандар 94 мыңға жуық тұрғынды қамтитын 165 елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Биыл Зенковка, Петропавловка және Михайличенково ауылдарында да жаңа пункттер іске қосылды.
Сонымен қатар Ақсуат ауданында да өрт қауіпсіздігі күшейтіліп, бөлімше заманауи техникамен толықты. Аудан аумағында Қызылкесік, Құмкөл, Ойшілік, Кіндікті, Көкжыра, Сәтбаев және Ырғызбай ауылдық округтерінде орналасқан 7 өрт сөндіру бекеті тұрақты жұмыс істейді. Мұнда 21 қызметкер тәулік бойы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Биыл ауданда 30-дан астам өрт дер кезінде сөндірілді.
Бүгінгі күні «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында Қызылкесік және Кіндікті ауылдарында жаңа өрт пункттерінің құрылысы жүріп жатыр.
