Ақтөбе облысында жүк автокөлігі мен жолаушылар автобусы жол-көлік оқиғасына түсті. Соның салдарынан шамамен 60 адам эвакуацияланды. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, апаттан зардап шеккендер тіркелмеген.
ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, жол апаты Әйтеке би ауданындағы Қарабұтақ елді мекенінің маңында орын алған.
«»Мәскеу – Шымкент» бағытымен жүрген автобус пен жүк көлігі соқтығысты. Автобуста Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан азаматтары болған. Оқиға орнына құтқару қызметі, полиция, жедел медициналық жәрдем және басқа да жедел әрекет ететін құрылымдар жұмылдырылды. Құтқарушылар жолаушыларды Қарабұтақ ауылындағы «Маяк» кемпингіне жеткізіп, қажетті көмек көрсетті. Ешкім зардап шеккен жоқ», – делінген облыстық ТЖД хабарламасында.
Ал облыстық полиция департаменті бұл оқиға бойынша ешкім жарақат алмағандықтан, әкімшілік іс жүргізу тәртібімен тиісті хаттама толтырылатынын мәлімдеді.
Фото: Ақтөбе облыстық ТЖД
