АҚШ-тың Балтимор округінде орнатылған жасанды интеллект жүйесі мектеп оқушысының қолындағы чипсы салынған пакетті қару деп қате анықтап, полицияға дабыл жіберген. Бұл туралы The Guardian басылымына сілтеме жасаған inbusiness.kz хабарлайды.
Оқиға барысында Таки Аллен есімді оқушы достарымен бірге тіскебасар жеп отырған кезде, полиция қызметкерлері мектеп ауласына келіп, оқушыға қару бағыттап, оны жерге жатқызған. Тәртіп сақшылары жасөспірімді тінтіп, қолына кісен салған, алайда іздеу нәтижесінде ешқандай қару табылмаған.
Кейін полиция өкілдері оқушыға жасанды интеллект түсірген бейнекадрды көрсеткен. Кадрда Алленнің қолындағы чипсы пакеті қаруға ұқсап қалғаны байқалған.
Белгілі болғандай, Балтимор округіндегі мектептерге AI негізіндегі қару анықтау жүйесі өткен жылы орнатылған. Ол бейнебақылау арқылы күмән тудыратын нысандарды анықтап, автоматты түрде құқық қорғау органдарына хабар береді.
Мектеп әкімшілігі оқиғаға байланысты ата-аналар мен оқушыларға ресми хат жолдап, бұл жағдайдың психологиялық әсері болғанын мойындады. Сонымен қатар, оқушыларға психологтар мен кеңесшілер тарапынан қолдау көрсетілетіні хабарланды.
Дереккөз:
The Guardian / inbusiness.kz
