Бүгін, 19 желтоқсанда АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм елде грин-карта беру бағдарламасының уақытша тоқтатылғанын хабарлады. Бұл шешім Род-Айленд штатындағы Браун университеті аумағында болған атыс оқиғасынан кейін қабылданған.
Министр бұл ақпаратты Х әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жариялады. Оның айтуынша, университеттегі қарулы шабуылға күдікті тұлға АҚШ-қа 2017 жылы Diversity Lottery (DV1) иммиграциялық бағдарламасы арқылы келген.
«Браун университетінде оқ атқан Клаудио Мануэль Невес Валенте 2017 жылы DV1 бағдарламасы арқылы елге кіріп, грин-карта иеленген. Мұндай адамға АҚШ аумағына кіруге жол берілмеуі керек еді», – деді Ноэм.
Сондай-ақ ол 2017 жылы Нью-Йоркте тыйым салынған ДАИШ ұйымының мүшесі жасаған террористік шабуылдан кейін де аталған бағдарламаны тоқтатуға талпынғанын еске салды.
Министрдің сөзінше, Дональд Трамптің тапсырмасына сәйкес, USCIS – АҚШ Азаматтық және иммиграция қызметіне DV1 бағдарламасын уақытша тоқтату жөнінде шұғыл нұсқау берілген. Бұл қадам өзге америкалық азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалған.
Айта кетейік, өткен аптада Род-Айленд штатындағы Браун университетінде атыс болып, салдарынан бірнеше адам қаза тауып, тағы бірқатары жарақат алған. Қайғылы оқиға студенттердің емтиханға дайындық сәтінде орын алғаны хабарланды.
Фото: ЖИ
