Тазалық акциясы тәлімге бастайды

Бүгін елордадағы «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» МКҚК аумағында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті. Астана қаласы «Дін істері жөніндегі басқармасы»ММ ұйымдастыруымен өткен іс-шараға Астана қаласының Діндерді зерттеу орталығының басшысы Алмас Әзімханұлы, теолог Нұрлан Байжігітұлы қатысты. Сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау жұмысына Астана колледж-медресесінің 40-қа жуық студенті мен орталық қызметкерлері де атсалысты.

Акция барысында жастарға табиғат ананы қорғау, аға ұрпаққа құрметпен қарау, сабақтастықты және өскелең ұрпақтың бойында жанашырлық, табиғат пен қоршаған ортаны аялау сезімін қалыптастыру туралы тұщымды ойлар айтылып, маңыздылығы түсіндірілді. Қоршаған ортаны таза ұстау – қоғамдық жұмыс қана емес, студенттердің туған өлкесін абаттандыруға, өркендетуге қосқан үлесі. Ал акцияның бұл орталықта өткізілуі де бекер емес. Жастар қарттар тұратын аумақты тазалап, көпті көрген қариялармен сұхбаттасып, өмірлік сабақ алды.
«Біздің қалалық мешіттер мен медресе шәкірттері бір үйдің баласындай осында келіп өнегелі ұрпақтың бойындағы қасиет қандай болу керек екенін іспен көрсетіп жатыр. Ізгілік көрсетудің үлгісі қамкөңіл қарияларға қарайласып, науқас жандардың көңілін сұрап, қолдан келгенше тазалық көрсетіп, сауап жинаудан басталады. Бұрын қазақта қарттар үйі болған жоқ. Өкінішке қарай, қазір тағдырдың жазуымен, өмірдің әр түрлі бұралаң жолдарымен осындай орталыққа түскен жандар көп. Ендігі жерде жүрегінде мейірімі бар жандар олардың көңілдерін жабырқатпай жиі кездесуге келіп тұруға тиіс. Бүгін жалпыхалықтық акцияға шәкірттер де келіп, үлкенге құрмет, кішіге ізет жасаудың маңыздылығын түсініп жатыр», дейді Нұрлан Байжігітұлы. Сондай-ақ бүгінгі шарада қарттарға сый-сияпат көрсетіліп, жақсы жаңалық айтылды. Қариялармен кездескен дін өкілдері алдағы уақытта орталықтың бірқатар қызмет алушыларын қажылыққа жіберуді жоспарлап отыр.

Астана қаласы Діндерді зерттеу орталығының басшысы Алмас Әзімханұлының айтуынша, Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» акциясы жарияланғаннан бастап қалада әр апта сайын осындай игілікті іс өтіп жатыр. Бүгін де акцияға қатысушылардың қарасы көп. Олардың арасында отыз медресе студенті, Діндерді зерттеу орталығының он бес қызметкері және осы басқарманың имамдары бар. Мәселен, акцияға Астана қаласы медресе колледжінің студенті Мирас Серікұлы да білек сыбана кірісіп жүр. Ол мұндай тәрбиелік мәні зор шараға жиі қатысады екен. Айтуынша, қоршаған ортаға құрмет көрсету ұрпақ тәлім-тәрбиесіне тікелей әсер етеді. «Біздің медреседе мұндай акция тұрақты болып тұрады. Бүгін де ыждаһатпен қуана келдік. Себебі, «тазалық – иманның жартысы» дейді. Көп кісілер қаусаған ата-анасынан бас тартып жатады. Біз бүгін тазалық жасап сауапты іс қылып қана қоймай, қарттар үйіндегі көріністі көру арқылы ата-анамызға деген құрметіміз арта түскенін байқадым», дейді Мирас Серікұлы.
«Қарны тоқ адам мазарға барсын, қарны аш адам базарға барсын» деген қазақтың сөзі бар. Жағдайы жақсы адамдар сенбі-жексенбі күні қариялардың көңілін аулап, қарайласып тұрса, жүректерін жібітіп, өмірлік қателіктерінен сабақ алса, келешек ұрпақтың дұрыс бағытта тәлім-тәрбие алуына үлкен септігін тигізері сөзсіз.
Жадыра Мүслім.

Related posts

Алматыда 10 жылдан астам жөндеу жүргізілмеген аулалар абаттандырылады

Назия Жоямергенқызы

Түркітілдес журналистер форумының алғашқы күні Медеу мен Шымбұлақтан басталды

editor

Шымбұлақта 2022-2023 тау шаңғысы маусымы ашылды

ttjk