Интернет алаяқтар Қазақстан азаматтарына түрлі жалған ақпараттар тарату арқылы алдауға көшкен. Солардың бірі — қазақстандықтарға Еңбек министрлігі тарапынан өтемақы төленетіні туралы жалған ақпарат.
Бұл туралы Министрліктің баспасөз қызметі: «Әлеуметтік желілерде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) өтемақы төлейтіні туралы таратылып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды», — деп хабарлады.
Жуырда әлеуметтік желілерде қазақстандықтарға Еңбек министрлігі тарапынан өтемақы төленетіні туралы ақпарат тараған еді. Тағайындалған қаражатты аудару үшін белгісіз адамдар сілтемеге өтуге шақырады.
Осыған орай Еңбек минитсрлігі: «Әлеуметтік көмектің мұндай түрі жоқ екенін хабарлаймыз. Тиісінше, хабарламада көрсетілген сілтеме алаяқтар үшін азаматтардың жеке деректерін алу тәсілі болуы мүмкін. Алаяқтармен өзара әрекеттесуді болдырмау үшін сілтемеге өтпеуге кеңес береміз.
Мемлекеттік қолдаудың тиісті шаралары туралы ресми ақпарат тек қана 1414 нөмірінен СМС-хабарламалар арқылы таратылады. Азаматтардан тек ресми көздердегі ақпаратты пайдалануын сұраймыз»,- дей келе, жалған ақпарат тарату заңмен жазаланатынын ескертті.
Нәзия Жоямергенқызы.
Сурет: gov.kz