Еурокомиссия Қазақстанға сутегі бойынша нормативтік базаны жетілдіруге жәрдемдеседі

Еуропалық Комиссия сутегі бойынша нормативтік базаны жетілдіру үшін стандарттармен, әзірлемелермен және өзге де құжаттармен алмасуға Қазақстанға көмек көрсетеді.
Бұл туралы қазақстандық делегация Еуропалық комиссияның энергетика жөніндегі департаментінің DG ENER директоры Кристина Лобило Борреро және халықаралық ынтымақтастығы департаментінің DG INTPA директоры Петерис Устубспен кездесу барысында белгілі болды.
Еурокомиссия өкілдерімен келіссөздер барысында ЕО-Қазақстан энергетикалық әріптестігі, «жасыл» сутегі өндірісін дамыту перспективалары, сондай-ақ 2023-2024 жылдарға арналған «жасыл» сутегінің құнын құру тізбегі бойынша ЕО-Қазақстан стратегиялық әріптестігінің Жол картасын іске асыру бойынша одан әрі ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, ГФР Сыртқы Істер Министрлігінің өкілдерімен кездесу өтті. Онда «жасыл» сутекті өндіру, сақтау, жеткізу және пайдалану саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Неміс тарапы сутегіге сұраныс саласындағы зерттеулерінің нәтижелерін ұсынды. Өз кезегінде, Hyrasia Energy Инвестициялар жөніндегі директоры Айнұр Тумышева Hyrasia One жобасының іске асырылу барысы туралы айтып, Еуропаға өнім жеткізу үшін логистикалық маршруттарды талдаудың соңғы нәтижелерімен бөлісті.
Іс-шаралар сутегі дипломатиясы бойынша Германиядағы бір апталық тур аясында өтті. Делегация құрамына Hyrasia Energy Инвестициялар жөніндегі директоры Айнұр Тумышева, ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғи ресурстар мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин, ҚР энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов, сондай-ақ басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың, ведомстволардың, сала және жеке сектор сарапшыларының өкілдері кірді.
Жұмыс сапары аясында Солтүстік германдық NRL зертханасының жұмысымен танысу, әлемдегі ең ірі Дуйсбург өзен портына бару, сондай-ақ Карлсруэ техникалық университетінің жұмысымен танысу және т.б. шаралар ұйымдастырылды.

Related posts

«IITU Robocon Games»

Бес баланың өлімі: Прокуратура істі бақылауға алды

editor

Медициналық мекеме емделушіге моральдық зиян үшін миллион теңге аударды

editor