«ЭСКПО-2017»: ресми тасымалдаушы — «ЭЙР АСТАНА»

«Эйр Астана» компаниясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Қазақстандағы ең ірі әуетасымалдаушы «Эйр Астана» АҚ-мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Компания «ЭКСПО-2017 көрмесінің ресми әуетасымалдаушысы» деген ерекше мәртебеге ие болыпты.

Меморандумға қол қойылған салтанатты шараға  «Астана ЭКСПО-2017» ҰК басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен «ЭйрАстана» әуекомпаниясының президенті Питер Фостер қатысқан.

эйр астана

Жиын барысында Ахметжан Есімов: «Қазақстандағы ең ірі әуетасымалдаушы саналатын «Эйр Астанамен» бүгін аса маңызды құжатқа қол қоюымыз — біздің ынтымақтастығымыз шеңберіндегі алғашқы қадам. Әуе жолдары арқылы әлемдік деңгейдегі ірі ұлттық жобаны Жер шарына насихаттауға мүмкіндік пайда болмүмкіндік туып отыр. Біз «Эйр Астана» ұшақтарының борттарында ЭКСПО-2017 логотипін орналастырып, әуекомпания басшылығымен көрмені жарнамалауға арналған жоспарлар мен жобаларды дайындаймыз. Аталған шаралар ЭКСПО-2017  көрмесінің халықаралық алаңдағы имиджіне оң ықпал етеді. Сонымен қатар Қазақстанға келген шетелдік азаматтар мен «Эйр Астананың» транзиттік жолаушыларына 2017 жылғы көрмеге билеттер ұсынылады», — деді.

эйр астана 2

Компанияға артылған жауапкершілік жүгін жоғары бағалаған Питер Фостер болса, үкіметтік деңгейде артылған сенімді ақтайтындықтарын айтты: «Алда келе жатқан көрменің тақыры «Болашақ энергиясы» болғандықтан, энергетика саласындағы инновациялық, қолданбалы шешімдерге және олардың қоршаған ортаға тигізетін әсеріне басты назар аударылатын болады. Біз компаниямызда қоршаған ортаны барынша жақсы қорғауға мүмкіндік беретін заманауи технологияларды ендіруге бағытталған шараларды қабылдап отырмыз. Дәл осы себепті Париждегі соңғы әуешоуда біз NEО тобына жататын Airbus A320 ұшағын сатып алуға ниетті екеніміз жөнінде мәлімдедік, бұл ұшақтардың қозғалтқышы ауаға шығарылатын зиянды заттардың мөлшерін 15 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. NEО лайнерлері 2016 жылы ендірілетін болады. ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық үлкен қарқынмен жүргізілуде. Біз Астананың қонақтар алдында өз есігін айқара ашатын сәтін асыға күтудеміз».

Қол қойылған меморандум аясында expo2017astana.com веб-сайтына автоматтандырылған брондау жүйесін кіріктіру мәселелерін тыңғылықтау және бірлесе  PR-науқанды өткізу жоспарланып отыр.

* * *

«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындалу және оны өткізу үшін 2013 жылдың 15 қаңтарында құрылды. Көрме Астанада 2017 жылдың 10 маусымынан бастап 10 қыркүйегіне дейінгі аралықта өтеді.

Оған 100 ел, 10-нан аз емес халықаралық ұйым, инновациялық технологиялар саласындағы 10 көшбасшы компания қатысады деп жоспарлануда. Жалпы алғанда, көрмеге 5 миллионға жуық адам қатысады деген болжам бар. Оның 2 миллионы шекара сыртынан келетін көрінеді.

 

* * *

«Эйр Астана» әуекомпаниясы Қазақстан Республикасының «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры және BAE Systems компаниясының бірлескен кәсіпорны болып табылады, аталған қор мен компанияның үлестері сәйкесінше 51% және 49%-ды құрайды.

«Эйр Астана» әуекомпаниясы 2002 жылдың 15 мамырынан бастап тұрақты рейстерді орындауға кірісті және қазіргі күні Алматы мен Астанадағы хабтардан орындалатын 60-тан аса халықаралық және ішкі рейсті қамтитын маршрут желісі бар. Әуекомпанияның әуе флоты батыстың өндірісінен шыққан Boeing 767-300ER, Boeing 757-200, Airbus A320 және Embraer E190 секілді 30 ұшақтан құралған.

Related posts

Динара АМАНБАЕВА: ИНТЕГРАЦИЯНЫҢ ТИІМДІ ТҰСТАРЫ КӨП

ttjk

ТҮРКИЯДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН КОНСУЛДЫҒЫ БАЙЛАНЫС ДЕРЕКТЕРІН ЖАРИЯЛАДЫ

ttjk

ТҮРКИЯДА АВТОБУС БИЛЕТТЕРІ ҚЫМБАТТАМАЙДЫ

ttjk