АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ХАЛҚЫ НАУРЫЗДЫ ТОЙЛАДЫ

Бүгін Алматы облысында әз Наурыз мейрамын тұрғындар барынша кең ауқымда тойлады. Облыстың әр ауданынан ғана емес, республиканың өзге аймақтарынанарнайы келген қонақтар  түрлі ұлттық спорт түрлерінен жарыстарға қатысып, қазақтың даму тарихын суреттейтін көрмелерді тамашалады.

Дәстүр бойынша Алматы облысының орталығы — Қонаев қаласында Наурыз мерекесі ағаш отырғызу дәстүрінен басталды.

Концерттік бағдарлама қарттардың  батасымен ашылып, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады. Шара барысында ол 1-шағын аудандағы 17-үйдің ауласына жасыл желек егіп, қазақтың 7 түрлі дәмі қойылған дастарханнан дәм татты.

Наурыз мерекесінде Қарасай ауданында қазақы дәстүр, ұлттық құндылықтар, шебер қолдар секілді бірнеше тақырыптарға киіз үйлер тігілген.

Қарасайлық тұрғындардың қуанышын бөліскен Н.Сұлтанғазиев өмірге енді қадам басқан кішкентай азаматтың тұсауын кесті.

Адамдарға мерекелік көңіл-күй сыйлаған орталық алаңдағы сахнада ән мен күйден шашу шашылды.

Оьлыс әкімі құттықтау сөзінде:»Бұл мереке адамдардың ұлтына, дініне қарамай біріктіретін мейрам. Қарасай ауданы тарихы тереңде жатқан, көпұлтты ауданның бірі. Бүгінде мереке осындай деңгейде тойланып жатқанына қуаныштымын. Құрметті жерлестер, Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Ақ мол, ырыс-берекеміз тұрақты болсын!» — деді.

Наурыздың құрметіне Жамбыл ауданының Көкбастау атшабарында өткен шараға 12 мың көрермен жиналыпты. Қаз қатар тізілген ақшаңқан киіз үйлердің алдында бүгін 3 тонна бауырсақ пісіріліп, 2 000 литр наурыз көже ішілген.

Мерекені тойлау барысында тазы жарысы, Құнан және Аламан бәйге, көкпар ұйымдастырылды. 9 шақырымға шапқан құнандардан бірінші болып келген Үміт деген сәйгүліктің иесі мотоцикл ұтты. Бәйгеде 2-орынды — Шегірқасқа, ал 3-орынды Жамбыл ауылының жүйрігі Зухра қанжығаға байлаған. Көпшіліктің делебесін қоздырған Құнан бәйгеде 25 сәйгүлік бақ сынасқан.

Аламан бәйге 21 шақырымға созылды. Ринат Әділқас жаттықтырған Тасқара өзгелерді шаң қаптырып, 1-орынға тігілген «Лада Гранта» маркалы автокөліктің кілтін иесіне бұйыртты. Сондай-ақ, 2-орынды Ботагөз, 3-орынды Көзмоншақ жеңіп алды. Бәйгеге жалпы саны 37 сәйгүлік қатысты.

Наурыз қарсаңындағы жағымды жаңалық: Талғар ауданы Бесағаш ауылында Мәдениет үйі қолданысқа берілді.

Шараға Алматы облысының әкімі арнайы қатысып, тұрғындарды Наурыз мерекесімен және Мәдениет үйінің ашылуымен құттықтады.

Өңірдегі мәдениет басқармасының басшысы Әлия Жақыпбекованың айтуынша, Мәдениет үйі 260 орындық. Қазір мекемеге қызметкерлер қабылданып, іске кірісуге дайын отыр.

«Бүгін Наурыз мерекесіне орай нысанның халық игілігіне берілгеніне куә болып отырмыз. Мұнда вокал, би, тағы басқа үйірмелер ашылады деп жоспарлап отырмыз», — деді басқарма басшысы.

Мәдениет ошағының ашылу құрметіне елге танымал суретші Амандос Ақанаевтың көрмесі ұйымдастырылды. Мәдени шара шеңберінде облыстық Сүйінбай атындағы филармониясы әншілері, күйші Секен Тұрысбековтің, «Ақжауын» оркестрінің концерті өтті.

Нәзия Жоямергенқызы, Түркітілдес журналистер қоры

 

Related posts

Ислам әлемінің «2023 жылғы туризм қаласы» — Шанлыурфа шақырады

ttjk

Итоги финальных этапов Кубка Мира FIS по фристайлу в дисциплинах «могул», «параллельный могул» и «лыжная акробатика»

ttjk

ХХVIII БҰҰ конференциясында Қазақстан жастарының ұсыныстары баяндалады

editor