HEALTH EXPO-2019

Алматыда «HEALTH EXPO-2019 медициналық бағыттағы халықаралық көрме басталды. «Қазақстан» қонақүйінде 12-14 ақпан аралығында болатын бұл шараны Түркияның  «ExpoTurka Fuarcılık Ticaret Limited» ұйымдастырды. Басты мақсат: екі ел арасындағы іскерлік қарым-қатынастарды дамыту, медицина қызметкерлерінің Түркиядағы жетекші емханалар мен ауруханаларда тәжірибе жинақтап, алған білім-білігін Қазақстанда қолдану.

Көрменің ашылу салтанатында Түркияның Қазақстандағы Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз мырза: «HEALTH EXPO сияқты кез келген көрме, шараларда адамдар бір бірімен танысады, пікір алмасады, кәсіби алаңда достық қатынас орнатады. Біздің қолымыздағы мүмкіндіктерден басқа елдердегі бауырларымыз хабардар болады. Бүгінгі көрмеге Түркияның түкпір-түкпірінен арнайы келген біздің өте сыйлы әрі білікті мамандарымыз Қазақстандағы әріптестерімен тәжірибе алмасады, білген ақпараттарымен бөліседі, дертіне дауа іздегендерге бірге емдеудің жолын табады әрі Түркияның медицина саласындағы мүмкіндіктермен бөліседі деген сенімдемін. Бәріңізге сәттілік тілеймін!»,  – деді.

«ExpoTurka Fuarcılık Ticaret Limited» басшысы Халил Чыбыклы Қазақстандағы дәрігерлерге берілетін мүмкіндіктер туралы айтты: «Денсаулық туризмі – дамыған және дамушы елдер үшін аса маңызды сала. Үздіксіз салынып жатқан инвестициялар мен бәсекелестіктің арқасында аталған сала уақыт сайын күшейіп келеді. Түркияда денсаулық туризмі Орталық Азиядағы мемлекеттермен салыстырғанда, барынша дамыған.

Кәсіби білікті дәрігерлермен қатар техникалық мамандар жоғары деңгейде, заманауи технология мен медициналық құрылғылар біздегі ауруханалар мен емханаларда кеңінен қамтылған. Қазақстан мен Түркия арасындағы медицина саласында түзілген ұзақ жылдан бергі достық байланысымызды «HEALTH EXPO-2019» халықаралық көрмесі арқылы дамытуды мақсат еттік. Бұйыртса, бұл шара Алматыда жыл сайын өткізіледі»,  – деді.

Үш күнге созылатын көрмеде отандық медицина қызметкерлері жалпы хирургия, педиатрия, ортопедия және травматология, нейрохирургия, гастроэнтерология, косметикалық және жалпы стоматология, органдарды трансплантациялау, офтальмология, жүктілік және бала туу, пластикалық және эстетикалық хирургия т.б. бағытта Түркияның жетекші емханалары мен ауруханаларының өкілдерінен кәсіби тұрғыда тегін кеңес алып, ортақ іскерлік қарым-қатынас орнатады.

Биыл алғаш рет өткізілген «HEALTH EXPO-2019» көрмесіне Түркияның жетекші медициналық мекемелері: Bayındır Sağlık Grubu, Diyalog İşitme Cihazları, Koç Üniversitesi Hastanesi, Medipol Üniversitesi Sağlık ve Eğitim Grubu, NeoLife Onkoloji Merkezi, Okan Üniversitesi Hastanesi, Orhun Medikal ve Özel Pendik Bölge Hastanesi өкілдері қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, үшкүндік шара соңында Қазақстанда еңбек ететін 15 дәрігер Түркиядағы танымал ауруханалар мен емханаларға бір аптаға тәжірибе алмасуға барады. Сапардың барлық шығыны «ExpoTurka Fuarcılık Ticaret Limited» тарапынан өтеледі. Бұл – отандық дәрігерлер мен жалпы медицина саласына қосылатын үлкен үлес.

Түркиядан тәжірибе алмасып келген отандық дәрігерлер көңілге түйгендері мен үйренгендерін жұмыс барысында қолданады.

Нәзия Жоямергенқызы,

«Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ, www.ttjk.kz

Related posts

Елордада көктемгі ауқымды экологиялық айлық өтеді

ttjk

15 ақпан – Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл

ttjk

ТУРЦИЯ ЗА 1 ГОД ПРИНЯЛА 52 МЛН ТУРИСТОВ

ttjk