ҚАРАШАҢЫРАҚҚА — ҰЛТЫҚ МӘРТЕБЕ

Қазақстан Республикасының  Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 25 желтоқсандағы Жарлығымен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне «Ұлттық» мәртебесі берілді. Бұл тарихы терең қарашаңырақтың әлемдік білім кеңістігінде өз орнын айқындауға бағытталған іргелі қадам болды. Мемлекет басшысының сенімі оқу орнының әлеуетін көтеріп, бәсекеге қабілеттігін арттыруға серпін береді және ұжымға зор жауапкершілік жүктейді, деп жазды Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Баспасөз орталығының басшысы Жандар Асан.

Қыздар университеті – еліміздің жоғары оқу орындары арасында өзіндік дара орны бар білім ордаларының бірі. Орта Азия аймағында осы тақылеттес оқу орны жоқ. Әлемде де саусақпен санарлықтай. Ұлтымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің: «Тәңір жазса, бұл институт болашақ қазақ қыздарының шамшырағына айналады. Осы шамшырақтың жарық сәулесі  сөнбесін дейік» деген пайымы университеттің өзіндік ерекшелігі мен мән-маңызын айғақтап тұрғандай. Оқу орны 75 жылға жуық уақыт аралығында өзінің қалыптасуы мен дамуы жолынан өтті. Екінші дүниежүзілік соғыстың аумалы-төкпелі кезінде ашылып, ұлт зиялылары қызмет атқарған ұлағат ұясынан осы уақыт аралығында 60 мыңнан астам білікті маман даярланып, армандарын асқақтатып, қияға қанат қақты. Айтулы ғалымдарымыз түрлі ғылым салаларына қатысты іргелі зерттеу еңбектерін осы университет қабырғасында жазып, ел игілігіне айналдырды. Еліміздің дамуына зор үлес қосып келе жатқан оқу орны бүгінде жоғары білікті педагог кадрлар даярлайтын негізгі орталықтың біріне айналып отыр. Қазақстандағы ұлағатты ұстаздар мен талантты ғалымдардың үлкен тобы осы киелі шаңырақтан шыңдалып шығып, Отанымыздың дамуы жолында жемісті еңбек етіп жатыр.

Қазіргі күнде университеттің 6 факультетіндегі 27 кафедра 42 бакалавриат, 23 магистратура және 4 PhD докторантура мамандықтары бойынша мұғалім мамандарын даярлайды. Ал сырттай оқу бөлімінде 20 мамандық бойынша қашықтықтан оқыту технологиясы қолданысқа енгізілген. Болашақ педагогтарға 41 ғылым докторы, 193 ғылым кандидаты, 22 PhD докторы мен 202 ғылым магистрі білім береді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қыздар университетіне келген сапарында: «Бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей» деп атап өтіп, оқу орны ұжымының алдына нақты міндеттер қойған болатын. Осы орайда тағылымды тәрбие мен өрісті білімнің іргелі ордасы атанған, көзіқарақты зиялы қауым «ізеттілік пен үлгі-өнеге отауы» деп ат қойып, айдар таққан білім мен ғылымның қарашаңырағы өз қызметінде қазақстандық патриотизмді, Елбасының «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын басты бағдар ретінде ұстайтынын атап өткен абзал. Қазіргі күнде бірегей білім ұясында студенттердің сапалы білім алып, ғылыммен, өнермен, спортпен айналысуы үшін барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар ұрпақ тәрбиешісі саналатын – болашақ педагогтардың бойында халқымыздың ұлттық құндылықтарын дарыту орайында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылып, университет отандық жоғары оқу орындары арасында үлкен беделге ие болып отырғаны көңілге қуаныш ұялатады. Атап айтқанда, Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің 2018 жылғы ұлттық рейтингінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті 7-орынға ие болды. АРТА ұлттық рейтингісіне қатысуға еліміздің 75 жоғары оқу орны өтініш беріп, рейтингке 58 жоғары оқу орны қатысты. Олардың 6-ы ұлттық, 21-і мемлекеттік, 7-і акционерлік және 24-і жеке меншік білім беру ұйымдары. Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің ұлттық рейтингі қазақстандық жоғары оқу орындарына өздерінің ұстанымдарын айқындауға, білім беру қызметтерінің бәсекеге қабілеттілік деңгейін бағалауға, жоғары оқу орындарының жоғары сапалы жұмысына жәрдемдесуге және ең бастысы – білім алушыларды көптеп тартуға және жұмыс берушілер үшін тартымдылықты кеңейтуге мүмкіндік береді. Университет студенттері халықаралық, республикалық және аймақтық білім, ғылым, өнер және спорт жарыстарында жүлделі орындарға ие болып, оқу орнының мерейін тасытып келеді. Мәселен, 2017-2018 оқу жылында Қыздар университетінің студенттері 160-тан астам түрлі деңгейдегі байқаулар мен жарыстарда жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар шықты. Сонымен қатар білімгерлер елімізде өткен түрлі ғылыми жобалар байқауы мен зияткерлік ойындарда да бағы жанып, жеңіс тұғырына көтерілді. Университет даңқы тек қана білім сайыстарында ғана емес спорттық додаларда да жиі шығып жүр. Атап айтқанда, оқу орнының спортшылары Қазақстан Республикасының IX Жазғы Универсиадасына спорттың 23 түрінен қатысып, 54 жоғары оқу орнының ішінде жалпыкомандалық есепте 7-орынға табан тіреді. Аталған байрақты бәсекеде университет қоржынына жалпы саны 69 медаль түсті. Оның 17-сі алтын, 14-ы күміс, 37-і қола.

Соңғы жылдары университеттің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа нысандар ашылуда. Олардың қатарында Қазақ алфавитін латын графикасына көшіру жөніндегі орталығы, «Art Дара» өнер галереясы мен  «Дара» психологиялық-педагогикалық түзету орталығы бар.

Ғылыми әлеуетті дамыту – бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтың бірі. Елбасының отандық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының алдына ғылыми әлеуетті арттыру мәселесін қойып отыр. Қыздар университеті – сапалы білім берумен қатар, іргелі ғылымды дамытуға да үлкен үлес қосып келе жатқан оқу орны. Атап айтқанда, жақында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ғалымдары «YbBiNaFeO5 құрамды висмутты – ферритті алу жолы» атты патентке ие болды. Инновациялық өнертабыс наноқұрылымды бейорганикалық материалды синтездеп алғаны үшін беріліп отыр. Бұл патент – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің алғашқы өнертабыстық инновациялық патенті. Химия ғылымдарының докторы, профессор Мұхаметқали Матаевтың жетекшілігімен Қыздар университетінің бір топ ғалымы бірнеше жылдан бері Жаратылыстану факультетінің базасындағы Кешенді химия-биологиялық ғылыми-зерттеу орталығында тәжірибе жүргізіп келеді. Ұзақ жылғы ғылыми ізденістің нәтижесінде олар күн энергиясын түрлендіру  құрылғыларына магниттік жартылай өткізгіш материалы ретінде, спинтроника, микроэлектроника және компьютерлік техника құрылғыларына материал ретінде қолданыла алатын өнертабысқа қол жеткізіп отыр. Сондай-ақ университетте «Қазақ тілі мен әдебиеті» және «Филология» мамандықтары бойынша диссертациялық кеңес құрылды. Кеңес Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының «Жоғары оқу орындарында философия (PhD) докторы, бейіні бойынша докторы ғылыми дәреже беру бойынша докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестер ашу туралы»  бұйрығына сәйкес құрылып отыр.  Бұл оқу орнының ғана емес, еліміздегі филология ғылымының дамуына ашылған жол. Себебі диссертациялық кеңес – ғылыми зерттеу жолына түскен болашақ ғалымдардың еңбегін саралап, ғылыми сүзгіден өткізетін жоғары ғалымдар кеңесі. Университет «Хабаршысының» Қазақстан Республикасының білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті тарапынан ғылыми зерттеулердің негізгі нәтижелерін жариялау үшін ұсынылған ғылыми басылымдар тізіміне енгізілуі де оқу орнының ғалымдары үшін қуанышты жаңалық болды. Журнал «Педагогика және психология», «Жаратылыстану», «Физика, математика, информатика», «Тарих, экономика, құқық», «Филология», «Өнер және мәдениет» пәндері бойынша ғылыми және педагогикалық мазмұндағы қазақ, ағылшын және орыс тілдеріндегі мақалаларды жариялайды. Университет бастамасымен дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан Халықаралық Түркі әлемі зерттеулеріне арналған симпозиум әлемдегі ғылым, білім саласында түркі әлеміне қатысты зерттеу жасап жүрген ғалымдардың басын қосып, жаңа ғылыми зерттеулерге жол ашып, түркі әлемі әдебиеті мен мәдениетінің кеңеюіне ықпал жасап келеді. Өткен жылдың қазан айында өткен алқалы жиынға Түркия, Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан мен Башқұртстаннан 300-ден астам ғалым мен сарапшы қатысты. Үш күнге жалғасқан басқосуда ғалымдар педагогика, тіл, әдебиет, тарих, мәдениет, өнер, халықаралық қатынастар, экономика, философия, әлеуметтану, гендерлік мәселелер жайында және жаратылыстану ғылымдары саласында пікір алмасып, болашақта түркі әлемінде ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру турасында келісім жасады.

Қазақстан жас педагог-ғалымдардың бірінші республикалық Слеті қарсаңында отандық жас педагог-ғалымдардың қауымдастығы құрылған болатын. Құрылтайшысы Қыздар университеті болып табылатын қауымдастықты құрудағы басты мақсат – мемлекет пен қоғам дамуына белсенді қызмет ететін, жаңаша тұрғыда ойлай алатын қазақстандық жас педагог-ғалымдарды біріктіру, олардың диалог алаңын құру. Бүгінде жас ғалымдардың бастамасымен бірнеше іргелі жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, қауымдастық мүшелері робототехника бойынша стартап жобалар жасауды қолға алады. Оқу орнының базасында осы тарапта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге бағытталған арнайы секциялық үйірмелер құру да көзделіп отыр. Онда университет ғалымдары робототехника бойынша өңірдегі жоғары оқу орындарының білімгерлері мен мектеп оқушыларын заманауи зертханалық жұмыстарға тартып, олардың ғылыми әлеуетін көтермек. Мақсат – жастардың робототехника бойынша ғылыми-техникалық шығармашылық қабілетін дамыту. Бұған Қыздар университетінің материалдық-техникалық базасы толық мүмкіндік береді. Физика-математика факультетінің жанындағы «Робототехника» зертханасы Lego, Аrduino және Raspberry роботтарымен, оқу-әдістемелік және бағдарламалық нұсқаулықтармен жабдықталған. Marwin брендімен жабдықталған жиынтықтар арқылы студенттер теория мен тәжірибені ұштастыра алады. Заманауи құралды да терең меңгере түседі. Сонымен қатар оқу орнының жас ғалымдарының бастамасымен «T2T Networking» атты жоба бастау алды. Бұл бастама орта білім беру саласында басшылық қызмет атқаратын университет түлектері мен еліміздің педагогикалық жоғары оқу орнындағы жас ғалымдардың ортақ сұхбат алаңын құрып, ауылдық жерде орналасқан мектептердің ғылыми-педагогикалық әлеуетін көтеруді мақсат тұтады. Жастар жылы мен Қыздар университетінің 75 жылдығы аясында қолға алынған жобаның көздеген мақсаты мол. Жоба оқу орны түлектерінің бәсекеге қабілеттігін арттырып, олардың жұмыспен қамтамасыз етуіне ықпал жасайды. Сонымен қатар педагогтардың кәсіби әлеуетін жетілдіреді және білім беруде жаңа технологияларды қолдануды дамытады. Университет студенттерінің басым бөлігі ауылдық мектептердің түлегі екендігін ескеретін болсақ, аталған білім ұялары жаңа білім беру бағдарламаларын толыққанды меңгеріп, жете танысқаны өте маңызды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізді ғылыми-инновациялық салада зор серпіліс жасап, еуразиялық кеңістікте осы саланың көшбасшылардың бірі болу қажеттігін міндеттеді. Ол үшін не істемек керек? Расында да бүгінде жан-жақты дамыған ғылымсыз өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылу мүмкін емес екені баршаға белгілі ақиқат. Қазақстан жас педагог-ғалымдарының бірінші республикалық Слеті мен қауымдастық сол ғылым әлемінде бақ сынап жүрген жас ұрпақ өкілдерін басын қосатын шара. Турасын айтсақ, сол жастардың болашағы – елдің келешегі, ұлттың ертеңі. Бұл тарапта алдымызға қойып отырған міндеттер аса ауқымды. Ол үшін бәрімізге үлкен күш-қайрат, ерік пен жігер керек. Бастысы – сапалы білім мен ғылым керек. Қазақстан экономикасының өзегі білім мен ғылымға негізделуі қажет. Сонда ғана жоспарымыз орындалып, көздеген мақсат үдесінен шығатынымызға сенімдіміз.

Университеттің әлемнің беделді жоғары оқу орындарымен әріптестік байланысы да артып келеді. Бүгінде Қыздар университеті жаһанның 65 жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатқан. Олардың қатарында АҚШ, Ұлыбритания, Үндістан, Түркия, Франция, Қытай, Ресей, Германия, Малайзия сынды мемлекеттердің беделді университеттері бар. 2018 жылы университет ректоры Гаухар Алдамбергенова бастаған делегация шетелдің бірнеше жетекші жоғары орнына арнайы іс-сапармен барып, бірқатар келісімдерге қол жеткізді. Атап айтқанда, өткен жылдың мамыр айында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Ұлыбританияның Western International Сollege білім беру, ғылыми және мәдени байланыстар бойынша өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Құжат академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында студенттер, профессор-оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер алмасуды, бірлесіп ғылыми-зерттеу жобаларын әзірлеп, жүзеге асыруды, ағылшын тілі курстарын ұйымдастыруды, қос дипломды білім беру бағдарламасы аясында оқытуды қарастырады. Сонымен қатар Қыздар университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова Польшаға жасаған арнайы іс-сапары аясында Катовицедегі іргелі жоғары оқу орны – Силез университетінің ректоры Анджей Ковальчикпен кездесіп, әріптестік байланыс орнатуға уағдаласты. Сондай-ақ Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университеті бірлесіп латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін үйретуге байланысты бірнеше тың жобаны жүзеге асырмақ. Бұған Түркия тарапы нақты қолдау көрсетуге мүдделі және арнайы жұмыс тобы құрылатын болады. Бұл туралы қос жоғары оқу орындарының басшылары арасында келіссөз нәтижесінде белгілі болды. Екіжақты ынтымақтастықтың және әріптестікті нығайтудың өзекті мәселелерін талқылау барысында қосдипломды білім беру бағдарламаларын іске асыру жайы да талқыланды.

Халқымыздың даңқты перзенті Мағжан Жұмабаев: «Алты Алаштың баласы бас қосқан жерде ең қадірлі орын – ұстаздікі» деген дана ой қалдырған. Ұлы ақынның ұлағатты сөзі техника мен технология қарыштап дамыған бүгінгі күнде де өз өміршеңдігін жойған емес. Отандық білім мен ғылымның қарашаңырағы – Қыздар университеті 75 жыл уақыт мерзімінде мұғалім мамандарын даярлау мен педагогтардың біліктілігін арттыруды сәтті жүзеге асырып, білім беру нарығында туындаған қажеттіліктерге сай жаңашыл жұмыс істеу тәсілдері арқылы мол тәжірибе жинай білді. Білім беру – бұл тамыры тереңде жатқан, ұлт пен дінге бөлінбейтін, нәтижесі бір күн немесе бір жылда көрінбейтін құндылық. Көпшілік қауымға ортақ игілік. Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – тек қана білім. Білім мен ғылымға қояр талап артқан бүгінгідей заманда мұғалімге жүктелер жауапкершілік те еселене түсуде. Бірегей білім ордасының ұжымы осы жауапкершілік үдесінен шығу жолында, бәсекелестікке төтеп бере алатындай мықты маман даярлау мақсатында жұмыс істеп жатыр.

«Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ

Related posts

«ЕРКІН СӨЗ»-2022 БАЙҚАУЫ

ttjk

АҢСАҒАН ФРАНЦУЗДАРДЫ ТАҢ ҚАЛДЫРДЫ

Назия Жоямергенқызы

АТЫРАУДАҒЫ СЕМИНАР: «ІСКЕРЛІК ЖУРНАЛИСТИКА: ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ»

editor