Тележурналист, медиаменеджер Жанахмет Ағыбаев Тілеуқабыл Мыңжасар атындағы «Елмен егіз журналист» арнайы марапатымен марапатталды. Марапат Түркітілдес журналистер қоры мен Қазақстан Әйел журналистер клубы ұйымдастырған «Қазақ журналистикасының үздіктері – 2026» салтанатты кешінде табысталды.
Бұл марапат халықтың мәселесін көтеріп, қоғам мен ақпарат құралдары арасындағы сенімді нығайтуға үлес қосқан журналистердің еңбегін бағалауға, Тілеуқабыл Мыңжасардың кәсіби өнегесін дәріптеуге арналған.
Жанахмет Ағыбаевтың еңбек жолы баспасөз бен телевизияны, тілшілік қызмет пен редакциялық басқаруды қамтиды. Ол журналистік қызметін Қызылордадағы «Ақмешіт ақшамы» газетінде бастап, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары болды. «Қазақстан» ұлттық телеарнасында тілші, редактор, «Хабар» агенттігінде тілші болып еңбек етті.
Әр жылдары «Жайық Пресс» бас директорының орынбасары әрі «Орал өңірі» газетінің бас редакторы, «Алматы» телеарнасының бас директоры, «Жетісу» телеарнасының бас продюсері қызметтерін атқарды. «Қазақстан» ұлттық телеарнасын, телерадиокорпорацияның Маңғыстау және Атырау облыстық филиалдарын, «Заң» медиа корпорациясы мен «Turkistan Media Holding» ұжымдарын басқарды.
Оның кәсіби тәжірибесінде қоғамдық мәселелерді зерделеу, адам тағдырына назар аудару және аудиторияға шынайы ақпарат ұсыну маңызды орын алады. Тілшілік қызметтен бастап медиа ұжымдарын басқаруға дейінгі еңбегі отандық журналистиканың түрлі бағыттарымен сабақтас.
Тілеуқабыл Мыңжасар — жарты ғасырдан астам ғұмырын қазақ телевизиясына арнаған көрнекті тележурналист. Қазақ телевизиясында еңбек етіп, кейін «Хабар» агенттігі құрылған кезден осы ұжымда қызмет атқарды. Алматы облысындағы меншікті тілші ретінде ауыл тіршілігін, қарапайым еңбек адамдарының өмірі мен қоғамдағы өзекті мәселелерді көрерменге жеткізді.
Тәжірибелі журналист кейінгі буынның кәсіби қалыптасуына да үлес қосты. Жаңалық әзірлеудің қыр-сырын «Жаһанды жаулаған жанр» кітабында жинақтап, тілшілік еңбектің жауапкершілігі мен ерекшеліктерін баяндады.
Оның есімімен берілген «Елмен егіз журналист» марапаты елге жақын болу, халықтың сөзін жеткізу және мамандыққа адал қызмет ету құндылықтарын ұлықтайды. Жанахмет Ағыбаевқа табысталған марапат — осы кәсіби сабақтастықтың белгісі.
