Алматыда 48 бала бір мезетте ауруханаға түсті

Алматыдағы РФММ-нің 48 оқушысы ауруханаға түсті: асханадан санитариялық талаптардың бұзылуы анықталды

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің интернатында тұратын 48 оқушының денсаулығы күрт нашарлап, ауруханаға жеткізілген. Балаларда құсу, әлсіздік және дене қызуының көтерілуі байқалған. Оқиғаның нақты себебі әзірге анықталған жоқ.

Балаларының ауруханаға түскенін естіген ата-аналар олардың жағдайына алаңдап отыр. Ата-аналардың бірі Айнұр Наурызәлиева мектеп тарапынан толық ақпарат берілмегенін айтады. Оның сөзінше, ұлының жағдайы ауырлап, жансақтау бөліміне түскен. Кейін жағдайы тұрақталып, палатаға ауыстырылған.

Дәрігерлердің мәліметінше, қазір ауруханадағы балалардың жағдайы тұрақты, емнің оң нәтижесі байқалып келеді. Алматы қаласы Балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Ержан Сералин барлық оқушыға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, тағы алты бала мектептің оқшаулау бөлмесінде ем қабылдап жатыр.

Нақты диагноз зертханалық зерттеулердің қорытындысынан кейін белгілі болмақ. Алынған сынамалардың нәтижесі бес жұмыс күні ішінде дайын болады деп күтілуде.

Оқиғадан кейін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандары мектеп асханасына тексеріс жүргізіп, бірқатар талаптың сақталмағанын анықтаған.

Алматы қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Алмаш Ахметованың мәліметінше, «Master Food» ЖШС қызмет көрсететін ас блогында азық-түлікті сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамасын алу және тамақтануды ұйымдастыру талаптары бұзылған.

Тексеру барысында су мен тағамнан сынамалар, ас блогынан шайындылар алынып, қызметкерлер тексерілген. Анықталған санитариялық бұзушылықтардың балалардың сырқаттануымен байланысы зерттеу қорытындысынан кейін нақтыланады.

Related posts

НАУРЫЗ – ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ МЕРЕКЕСІ

ttjk

Турция: идеальный вариант для незабываемых впечатлений от игры в гольф

Назия Жоямергенқызы

COVID-19: Қазақстанда екінші толқын басталды

ttjk