Еліміздің вице-президенті Ерлан Қарин белгілі мүсіншілермен кездесіп, бірқатар мәселені талқылады. Қарин алдағы уақытта ескерткіштердің мағыналық және мазмұндық сапасына көңіл бөлетінін баса айтты.
Бұл туралы вице-президент желідегі парақшасында жазды.
«Алдағы уақытта тарихи жадты сақтау мәселелерімен жүйелі түрде айналысатын боламыз.
Осыған дейін ескерткіштерді орнатуды реттеп, тәртіпке келтірдік. Енді олардың мағыналық, мазмұндық сапасына қатысты жұмысты бастаймыз. Өйткені, барлығына ортақ бір ұстаным керек.
Өңірлерде ашылған ескерткіштерден жершілдік пен қоғамдағы тағы да басқа бір кеселдердің белгілері байқалады. Шын мәнінде, қандай да бір ескерткіш, мүсін немесе шағын сәулет формасы болсын белгілі бір деңгейде ұлттық бірегейлікті дамытуға, ортақ қоғамдық құндылықтарды орнықтыруға қызмет етуі керек.
Сондықтан, қалыптасқан осы бір кемшіліктерді түзетумен жүйелі әрі тұрақты негізде айналысуды көздеп отырмыз. Бұл ретте, еліміздің бірқатар танымал мүсіншілерімен кездесіп, өз ой-пікірлеріммен бөлістім. Олармен бірнеше жаңа бағытта жұмыс жүргізуге келістік», — деді ол.
nur.kz
