Қазақ журналистикасы орны толмас ауыр қазаға ұшырады. Қазақ телевизиясының ардагері, белгілі тележурналист, тікелей репортаждың хас шебері Тілеуқабыл Мыңжасар 2026 жылғы 28 тамызда 74 жасында, 75-ке қараған шағында өмірден озды.
Тілеуқабыл Мыңжасар 1952 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. 1975 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдап, еңбек жолын Қазақ телевизиясының балалар мен жасөспірімдер редакциясында бастаған. Кейін ақпарат саласына ауысып, отандық телевизиялық журналистиканың дамуына өлшеусіз үлес қосты.
Ол «Хабар» агенттігі құрылған күннен бастап еңбек етті. 1998 жылдан бері агенттіктің Алматы облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарып, өңірдегі маңызды оқиғалар мен өзекті мәселелерді ел назарына жедел әрі шынайы жеткізді. Саналы ғұмырын телевизияға арнаған журналист 10 мыңнан астам сюжет дайындады.
Тілеуқабыл Мыңжасар тікелей эфирде жылдам шешім қабылдайтын, кез келген оқиғаның мәнін дәл танып, көрерменге қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізе білетін кәсіби журналист еді. Жоғары шеберлігі, жауапкершілігі мен адамгершілік қасиеттері үшін әріптестері мен көрермендер оны құрметпен «Хабар аға» деп атады.
Қаламгердің журналистика саласындағы тәжірибесі мен кәсіби ой-тұжырымдары «Жаһанды жаулаған жанр» атты кітабына арқау болды. Оның өмірі мен шығармашылық жолына арналған «Дара жол» бағдарламасы Қазақ телевизиясының «Алтын қорында» сақтаулы.
Тілеуқабыл Мыңжасардың ұзақ жылғы еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Ол «Құрмет» орденімен, «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен және Қазақстан Президентінің Алғыс хатымен марапатталған. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі дүркін лауреаты, «Алтын микрофон» сыйлығының иегері және Алматы облысының құрметті азаматы атанды.
Тілеуқабыл Мыңжасардың жарқын бейнесі, бай шығармашылық мұрасы, азаматтық ұстанымы мен қазақ телевизиясына сіңірген өлшеусіз еңбегі ел жадында мәңгі сақталады.
Марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, әріптестері мен шәкірттеріне қайғырып көңіл айтамыз. Жаны жәннатта, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!
