Mемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясының ашылуы салтанатына қатысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясының ашылу рәсіміне қатысты. Шанхайда өтіп жатқан дәстүрлі жиын биыл «Жарқын болашақ үшін жасанды интеллект саласындағы серіктестік» тақырыбына арналып отыр.
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Мемлекет басшысы бұл конференция Қытайдың жасанды интеллект саласындағы айтулы жетістіктерін айқын көрсететінін атап өтті.
«Бүгінде дүние жүзіндегі жасанды интеллектіні зерттеушілердің жартысынан астамы – Қытай елінің өкілдері. ЖИ саласындағы патенттердің басым бөлігі қытайлық жаңашыл мамандарға тиесілі. Ал елдің қарқынды инновациялық экожүйесі озық технологиялардың көптеген бағытында соны серпіліс жасауда», – деді Президент.
Мемлекет басшысы Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясында жарияланған «Барша адамзат игілігіне қызмет ететін ЖИ» тұжырымдамасына қолдау білдірді.
«Технологиялық прогресті баршаның игілігіне айналдыруға күш-жігер жұмылдырғанда осы ұсынылған қағидаттарды басшылыққа алған жөн деп санаймын. Келешектің келбетін өзара сенім мен ортақ мүддеге сай тығыз ынтымақтастық орнатып, серіктесе әрекет ететіндер айқындайды. Мен бұған кәміл сенемін. Осы орайда Төраға Си Цзиньпин ұсынған «Адамзаттың ортақ тағдыры қоғамдастығын» құру туралы тұжырымдаманың маңызы зор. Қазақстан алысты болжаған бұл бастаманы жоғары бағалайды әрі жасанды интеллект дәуірінде оның өзектілігі артып келеді деп санайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салайық, 15 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Шанхайға жұмыс сапарымен барды.
Tengrinews.kz
