2026 жылғы 27 қаңтарда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген «Қазақстан балалары» бағдарламасы қабылданды. Аталған бағдарламада балаларды әлеуметтік қорғау, денсаулығын сақтау, білім берумен қатар қауіпсіздігіне де баса назар аударылған. Соңғы екі жылда Президенттің пәрменімен, балалардың құқықтарының бұзылуының алдын алу, зорлық-зомбылықты ерте кезеңде анықтау, оның алдын алу, отбасылар мен балаларға көмек көрсету инфрақұрылымын қалыптастыру, балалардың кестесіне психолог сағатын енгізу, суицидтік ойлар мен зорлық-зомбылықты анықтауға арналған бірыңғай цифрлық платформа құру т.б. Жасөспірім шақ — адам өміріндегі ең сезімтал, тұрақсыз және психологиялық тұрғыдан ауыр кезеңдердің бірі. Бұл уақытта баланың ағзасында тек физиологиялық өзгерістер ғана емес, сонымен қатар ішкі жан дүниесінде үлкен дағдарыстар орын алады. Кейде осы дағдарыстар мен сыртқы қысымдар (сабақ үлгерімі, құрбы-құрдастарымен қарым-қатынас, отбасылық кикілжіңдер) жасөспірімді тығырыққа тіреп, суицидтік мінез-құлыққа алып келуі мүмкін. Бүгінде балалар өмірін сақтап қалу — бүкіл қоғамның, соның ішінде ата-аналар мен педагогтардың басты міндеті.
Психологтардың айтуынша, балалар мен жасөспірімдер ешқашан өз өміріне қол жұмсау туралы шешімді кенеттен қабылдамайды. Ол әрдайым айналасындағыларға көмек сұрап, белгі береді. Осы белгілерді уақытында байқау өте маңызды. Мысалы, олардың мінез-құлқы күрт өзгереді. Бұрын ашық-жарқын, көңілді жүретін бала тұйықталып, өзгелерден оқшауланады, достарынан алыстайды. «Мен жақында бәрінен құтыламын», «менің ешкімге керегім жоқ», «менсіз бәріне жақсы болады» деген сияқты сөздерді жиі айтады. Өзінің ең жақсы көретін заттарын, ойыншықтарын немесе киімдерін еш себепсіз достарына немесе бауырларына сыйға тартады. Сонымен қатар ұйқының бұзылуы (ұйқысыздық немесе тым көп ұйықтау), тәбеттің жоғалуы, үнемі шаршап жүру, болашаққа деген сенімсіздікпайда болады. Әлеуметтік желілерде өлім, жалғыздық туралы мұңды посттар, суреттер бөлісу, депрессиялық топтарға тіркеледі. Мамандар қауымы егер осындай белгілер байқалса, балаларды психологтың кеңесіне жаздыру керектігін ескертеді.
Өмірге құштар кезеңде балалар мен жасөспірімдерді суицидке итермелейтін бірнеше себеп болады. Мысалы, мектепте, аулада немесе интернеттегі сыныптастары мен құрдастарының мазағы, қудалауы, буллинг жасауы – ауыр соққы. Отбасында береке мен бірліктің болмауы, ұрыс-керістің жиілеуі, ата-ананың тым қаталдығы, балаға уақыт бөлмеуі, білім алудағы сынақтарда, (ҰБТ, емтихандар) қорқу, ата-ананың үмітін ақтамай қаламын деген үрей де психологиялық қысым ретінде суицидке итермелеуі мүмкін. Жасөспірімдер арасында жауапсыз махаббат, сезімнің сәтсіздігі өмірдің мәнінен айырғандай көрінуі мүмкін.
Қазақстандағы барлық мектептерде психолог-педагог мамандығы қарастырылған. Бұл оқушылардың психиологиялық ауытқуларын қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Бірақ өкінішке қарай, баланың ішкі жан сезімін мұғалімдер байқай бермейді. Ата-анасының махаббаты мен назарында болатын, жақындары тарапынан бағаланатын баланың төрт құбыласы түгел болары анық. Сондықтан мамандар ата-аналар мен ересектерге балалармен күнде сөйлесу керектігін айтады. Олардың проблемаларын «жай балалық», «ерігу» деп мысқылдамаңыз. Бала үшін қазіргі сәтсіздігі ең үлкен қасірет болып көрінуі мүмкін. Балаңызға оның бағалары немесе жетістіктері үшін емес, жай ғана бар болғаны үшін жақсы көретініңізді білдіріңіз. Оқудағы сәтсіздік өмірдің соңы емес екенін түсіндіріңіз. Ақпараттық технологиялардың дамуы жақсы әдетпен қатар жаман әдеттерді де насихаттайды. Баланың интернетте не көріп, кіммен сөйлесетінін (оның жеке шекарасын бұзбай, достық ретінде) қадағалаңыз. Егер балаңыздың немесе танысыңыздың мінез-құлқынан қауіпті белгілер байқасаңыз, ұялмастан кәсіби мамандардың (психологтар, психотерапевтер) көмегіне жүгініңіз.
Қазақстанда балалар мен жастарға арналған шұғыл көмек көрсету қызметтері жұмыс істейді: 111 — Бала құқықтарын қорғау жөніндегі ұлттық телефон желісі (Қоңырау шалу тегін, тәулік бойы жұмыс істейді). 150 — Жастар мен балаларға арналған ұлттық сенім телефоны. Балалар арасындағы суицидтің алдын алу — бұл тек бақылау емес, бұл — назар аудару, жылылық пен түсіністік. Балаңызға «Мен әрқашан сенің жаныңдамын және сені кез келген жағдайда қолдаймын» деген сенімді ұялата алсаңыз, балаңыздың өмірін сақтап қалатын ең үлкен қорған болады.
Алматы қаласы әкімдігінің 2025 жылғы 21 ақпандағы № 1/193 қаулысымен Алматы қаласы Білім басқармасының «Балалардың құқығын қорғау орталығы» КММ құрылды. Аталған орталық қаладағы мектептер, колледждер, қорғаншылық органдары, құқық қорғау құрылымдары мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы үйлестіруді көздейді. Атап айтқанда, Қорғауға мұқтаж балаларды анықтауға, олардың мүдделерін білдіруге жәрдемдесу, заңдық тұрғыда кеңес беру, көмек көрсету, бала асырап алуды, қамқоршылықты, патронатты, асырап алынған отбасыларды қолдау, кәмелетке толмағандардың құқықтарына қатысты сот процестеріне қатысу, балалар мен отбасыларға психологиялық көмек көрсету, қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға кеңес беру, соттар мен мемлекеттік органдарда балалардың мүдделерін ұсыну, қамқоршылыққа, бала асырап алуға, алимент өндіріп алуға, ата-ана құқығынан айыруға немесе шектеуге байланысты істерге қатысу, жалпы білім беретін мектептермен, мектепке дейінгі және мектептен тыс мекемелермен өзара іс-қимыл жасауды мақсат етеді.
Алматыда балаларды қорғау, қиын өмірлік жағдайдағы балалар мен отбасыларға көмектесу және оңалту мәселелерімен айналысатын мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар жұмыс істейді. Мысалы, «Жанұя» отбасын қолдау орталығы қиын жағдайға тап болған отбасыларға, аналар мен балаларға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек ұсынады. Оңалту және даму орталықтарынан «Кенес» орталығы ерекше қажеттіліктері бар немесе дамуында күрделі бұзылыстары бар балаларды әлеуметтік бейімдеу, қорғау және оңалтумен айналысады. «Асыл Мирас» аутизм орталығы Аутизм спектрі бұзылған балаларға және олардың ата-аналарына тегін кәсіби қолдау бағдарламаларын ұсынады. «Шұғыла» қоғамдық қоры тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға және көпбалалы үйлерге әлеуметтік көмек көрсетеді. «AYALA» қайырымдылық қоры балалардың денсаулығы мен білім алу сапасын жақсартуға бағытталған ірі жобаларды жүзеге асырады.
