Қазақстанда кәсіпкерлерге арналған бизнес-академия іске қосылады

New Vision Forum кәсіпкерлерге арналған бизнес-академия мен халықаралық экспедициялардың басталғанын жариялады

Алматыда өткен New Vision Forum 2026 аясында кәсіпкерлерге арналған жаңа білім беру платформасы — New Vision Business Academy іске қосылатыны жарияланды. Академияда дәріс берушілер ретінде бизнес иелері, инвесторлар және ірі компаниялардың басшылары сабақ өткізеді. Сонымен қатар ұйымдастырушылар Африка мен Кремний алқабына бағытталған халықаралық бизнес-экспедициялар бағдарламасын таныстырды.

Жаңа бастамалар туралы форум барысында New Vision негізін қалаушы әрі басшысы Максат Құрбенов хабарлады.

Оның айтуынша, қазіргі бизнес дәстүрлі біліммен ғана шектеліп қалмай, компаниялардың тұрақты дамуы үшін жаңа тәжірибе мен практикалық білімді қажет етеді.

«Бұл — ірі кәсіпкерлер бизнес, стратегия және көшбасшылық бағыттары бойынша өздері дәріс оқып, білімдерімен тұрақты түрде бөлісетін алғашқы executive-экожүйе», — деді Максат Курбенов.

Ол бизнестегі ең құнды білім көбіне оқулықтарда емес, күн сайын маңызды шешімдер қабылдап, дағдарыстардан өтіп, компанияларын кеңейтіп жүрген адамдардың тәжірибесінде екенін атап өтті. Осыған байланысты Innotech University-мен бірлесіп New Vision Business Academy іске қосылады. Алғашқы білім беру модулі форум аясында басталды. Алдағы уақытта бағдарлама жыл бойы тұрақты түрде жұмыс істейтін болады.

Жаңа бағыттардың тағы бірі — қазақстандық кәсіпкерлерге арналған халықаралық бизнес-экспедициялар. 7–15 тамыз аралығында New Vision Африканың төрт еліне — Оңтүстік Африка Республикасы, Ботсвана, Замбия және Зимбабвеге бағытталған экспедиция ұйымдастырады.

Күз мезгілінде қазақстандық кәсіпкерлер Кремний алқабына аттанады. Сапар барысында олар технологиялық компанияларда болып, инвесторлармен және кәсіпкерлермен кездеседі. Сонымен қатар АҚШ-тың инновациялық жоғары оқу орындарының бірі — Arizona State University ұйымдастыратын арнайы білім беру бағдарламасына қатысады.

Related posts

Күшіміз бірлікте: Halyk Bank басқа екінші деңгейлі банктердегі әріптестеріне көмектесуде

ttjk

Әкім-қаралар халық сайлаған ауыл басшысының соңына шырақ алып түскен

editor

В области Абай активно реализуется экологическая программа «Таза Қазақстан»

Назия Жоямергенқызы