Қазақстанның 500 ірі компаниясы ел экономикасының жартысын қалыптастырып отыр

New Vision Forum 2026 алаңында қазақстандық кәсіпкерлердің дағдарыс жағдайында бизнес жүргізуі мен жаңа деңгейдегі компаниялар құру тәжірибесі талқыланды

New Vision Forum аясында кәсіпкерлер мен сарапшылар көшбасшылық, клиентке қызмет көрсету мәдениеті, болашақ банктері және ірі компаниялардың Қазақстан экономикасындағы рөлі туралы ой бөлісті. Алматыдағы Республика сарайында Еуразиядағы ең ірі бизнес жиындарының бірі саналатын форумның алғашқы күні өтті.

New Vision Forum негізін қалаушы әрі CEO-сы Мақсат Құрбенов форумның түрлі сала мен түрлі елден келген, білім мен дамуға ұмтылған жандарды бір шаңырақ астына жинайтын алаңға айналғанын айтты. Оның сөзінше, бүгінгі әлем бұрын-соңды болмаған қарқынмен өзгеріп жатыр. Технологиялар жаңарып, нарықтар түрленіп, тұтас салалар жаңа бағытқа бет бұруда. Осындай кезеңде кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндік, тың серіктестік пен өсу жолын табуға көмектесетін қауымдастықтардың маңызы арта түседі.

«Ең үлкен мүмкіндіктер мықты адамдар, мықты идеялар мен ортақ құндылықтар тоғысқан жерде пайда болады», – деді New Vision Forum басшысы Мақсат Құрбенов.

Kusto Group компаниясының тең құрылтайшысы әрі New Vision Forum төрағасы Қанат Көпбаев үш жыл ішінде бұл алаңның елге және келешек ұрпаққа пайда әкелетін маңызды ортаға айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, ұйымдастырушылардың басты мақсаты – елдің дамуына үлес қосып, жас буынның Қазақстанда өмір сүріп, еңбек етуіне жағдай жасау.

«Мен алты баланың әкесімін. Мұндай форумдар бізге ғана емес, бүкіл қоғамға пайда әкеледі. Балаларымның Қазақстанда өмір сүргенін қалаймын. Мен өз елімнің патриотымын. Сондықтан New Vision Forum сияқты алаңдардың маңызы ерекше деп есептеймін», – деді Қанат Көпбаев.

New Vision Forum 2026 форумының алғашқы күнінде қатысушылар жасанды интеллект дәуіріне, жоғары белгісіздік жағдайына және нарықтардағы жылдам өзгерістерге бейімделу мәселелерін талқылады. Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастық, логистика, инвестициялар және кәсіпкерлердің Қазақстан экономикасын дамытудағы рөліне ерекше назар аударылды.

Алғашқы күннің маңызды сессияларының бірі – BI Group инвестициялық-құрылыс холдингінің басшысы Айдын Рахимбаевтың баяндамасы болды. Ол мықты компаниялар кәсіби команда, дұрыс корпоративтік мәдениет, үздіксіз білім алу және белгісіздік жағдайында жұмыс істеуге дайын болу арқылы қалыптасатынын айтты.

«Мектептен кейін университетке түсе алмадым да, ағаш өңдеу цехына жұмысқа бардым. Бір күні сол жерге қайта оралып қалу қорқынышынан асқан мотивация жоқ», – деді спикер.

Форум аясында Bereke Bank-тің транзакциялық бөлшек бизнес блогының басқарушы директоры Григорий Сосновский де сөз сөйледі.

Оның айтуынша, болашақта банктер клиенттерге ақшаны тиімді басқаруға, жеке мақсаттарына жетуге және қаржылық әл-ауқатын арттыруға қаншалықты көмектесе алатыны бойынша бәсекеге түседі. Мысал ретінде ол АҚШ, Ұлыбритания және Азиядағы жетекші цифрлық банктердің тәжірибесін келтірді. Онда жасанды интеллект клиенттердің қаражат жинауына, ірі сатып алуларды жоспарлауына және қаржылық мақсаттарға жету барысын бақылауына көмектеседі.

Бағдарламаның жеке блогы бизнесті әртүрлі салаларда масштабтауға арналды. Centras Group компаниясының негізін қалаушы әрі басшысы Елдар Әбдіразақовтың айтуынша, кез келген бизнестің өсу формуласы ішкі таланттардан және компанияның өз мамандарын дамыту қабілетінен басталады.

Сонымен қатар ол Қазақстан экономикасының дамуы ірі компаниялардың өсуімен тығыз байланысты екенін атап өтті. Оның сөзінше, елдегі 500 ірі компания экономиканың елеулі бөлігін қалыптастырады. Сондықтан болашақтағы өсім жаңа стандарттар, брендтер мен нарықтар құра алатын қуатты корпоративтік жүйелер арқылы жүзеге асады.

Алғашқы күннің тағы бір маңызды тақырыбы – клиенттік сервис болды. Service Quality Institute негізін қалаушы әрі президенті Джон Шоул сервистің сапасы енді қосымша артықшылық емес, бәсекелестіктегі негізгі стратегияға айналғанын айтты.

Оның пікірінше, клиент тәжірибесін жүйелі түрде дамытатын компаниялар өзгелер қайталай алмайтын бәсекелік артықшылыққа ие болады.

Форумның алғашқы күнінде қатысушылар жасанды интеллекттің білім беру мен еңбек нарығына әсерін, адами капиталды дамыту мәселелерін, командаларды басқарудың жаңа тәсілдерін және кәсіпкерлердің экономиканы трансформациялаудағы рөлін де талқылады.

New Vision Forum 2026 Алматы қаласында 11–13 маусым аралығында өтеді. Форум бағдарламасында халықаралық сарапшылар мен қазақстандық бизнес өкілдерінің баяндамалары, панельдік пікірталастар, шеберлік сабақтары, New Vision Expo бизнес-көрмесі және нетворкинг сессиялары қарастырылған.

New Vision Forum 2026 ұйымдастырушысы – Nobel Fest. Форум Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтуде.

Бас серіктес – Bereke Bank. Ресми әуе тасымалдаушы – Air Astana. Білім беру серіктестері – Q Group және Innotech Powered by Arizona State University.

Ресми серіктестер қатарында BI Group инвестициялық-құрылыс холдингі, ASIYA қазақстандық косметика бренді, Berik and Bayan Kaniyev Foundation қоры, Chatium компаниясы және MYD Production бар.

Серіктестер – «Нұрбанк» АҚ және Kusto Home.

 

Related posts

“Восточный экспресс” готов к новому сезону.

ttjk

Діни некенің заңды күші жоқ

editor

Астанада екі қабатты ғимарат өртеніп жатыр

Назия Жоямергенқызы