АЛМАТЫДА NEW VISION-2026 БАСТАЛДЫ

Қазақтардың бейімделгіштігі, технологиялар және адами капитал: New Vision Forum 2026 қатысушылары маңызды мәселелерді талқылады. 

Алматыда өткен New Vision Forum 2026 форумына 4500-ден астам кәсіпкер жиналды

Алматыдағы Республика сарайында Еуразия кеңістігіндегі ірі бизнес алаңдарының бірі саналатын New Vision Forum 2026 форумының алғашқы күні өтуде. Форумға 4500-ден астам кәсіпкер, инвестор, мемлекеттік орган өкілдері мен халықаралық сарапшылар қатысуда.

Форумның ашылуына бірнеше сағат қалғанда іс-шараның өтуіне қауіп төнген еді. 10 маусым күні кешке Алматыда соққан қатты дауыл Республика сарайының алдындағы Абай алаңында орнатылған бірқатар құрылымдарға зақым келтірді.

«Бір түннің ішінде команда осы ауқымды іс-шараның бүкіл алаңын қайта жасақтады. Өйткені New Vision Forum – қирататын емес, жасайтын адамдардың, кәсіпкерлердің форумы», – деді сахнада форумның негізін қалаушы әрі басшысы Мақсат Құрбенов.

Форумды ашқан ұйымдастырушылар соңғы үш жыл ішінде New Vision Forum бизнес, мемлекет және халықаралық сарапшылар қауымдастығы арасындағы маңызды диалог алаңына айналғанын атап өтті. Қатысушыларды Алматы Инвест ұйымының төрағасы Қайрат Бекенов, Қытайдың Нанкин қаласы әкімінің орынбасары Сюй Фэн,  Kusto Group⁠ компаниясының тең құрылтайшысы әрі директорлар кеңесінің мүшесі Қанат Көпбаев және форумның негізін қалаушы Мақсат Құрбенов құттықтады.

Қайрат Бекенов кәсіпкерлердің ел экономикасындағы рөлін ерекше атап өтіп, шағын және орта бизнестің Алматының дамуына қосып отырған үлесіне тоқталды.

«Бұл залда еліміздің экономикасына зор үлес қосып жүрген азаматтар отыр. Дәл кәсіпкерлер жаңа жұмыс орындарын ашып, дамуға инвестиция салады және күн сайын экономиканың болашағына әсер ететін шешімдер қабылдайды», – деді Қайрат Бекенов.

Оның айтуынша, бүгінде Қазақстандағы салық түсімдерінің төрттен бірінен астамы Алматыдан түседі. Қала бюджеті кірістерінің 64 пайыздан астамы шағын және орта бизнес есебінен қалыптасады, ал экономикалық белсенді халықтың 90 пайыздан астамы осы секторда еңбек етеді.

Ашылу салтанатында халықаралық ынтымақтастық пен инвестиция тарту мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Кремний алқабы, Гонконгтың қаржы институттары және Қытайдағы серіктестермен байланыстар сөз болды.

Алғашқы күннің негізгі талқылауларының бірі «Неліктен 2026 жыл бизнес үшін бетбұрыс кезең болмақ?» атты пленарлық сессия болды. Сессияны  Учет.kz⁠ компаниялар тобының негізін қалаушы Максим Барышев жүргізді. Қатысушылар жасанды интеллекттің экономикаға әсері, бизнес-модельдердің трансформациясы, адами капиталды дамыту және кәсіпкерлерге қойылатын жаңа талаптар туралы пікір алмасты.

Lancaster Group Kazakhstan⁠ директорлар кеңесінің төрағасы Берік Қаниев қазіргі бизнестегі басты қасиеттер ретінде бейімделгіштік пен адами капиталды дамытуға басымдық беруді атады.

«Біздің геніміз – бейімделуге бейім ген. Қазақ халқы ғасырлар бойы көшіп-қонып, кез келген жағдайға икемделе білді. Қазақстанның бүгінде көптеген елдерге қарағанда жылдам дамуының бір себебі – жаңа жағдайларға тез бейімделе алуымыз. Біздің генетикалық кодымыз соған мүмкіндік береді», – деді Берік Қаниев New Vision Forum сахнасында.

Форумның алғашқы халықаралық спикері әлемге әйгілі психолог, «Ерлер Марстан, әйелдер Шолпаннан» кітабының авторы Джон Грей болды. Оның баяндамасы дағдарыс жағдайындағы стрессті басқару тақырыбына арналды. Грейдің пікірінше, жоғары белгісіздік жағдайында эмоционалдық интеллект заманауи көшбасшының ең маңызды дағдыларының біріне айналады.

«Сүйіспеншілікке негізделген көшбасшылық – ең тиімді қабілеттердің бірі. Егер сіз бизнес иесі болсаңыз және табысқа жетуді қаласаңыз, адамдар сіздің олар үшін жасап жатқан ісіңізді жақсы көруі керек», – деді ол.

New Vision Forum 2026 форумының ұйымдастырушысы –  Nobel Fest⁠. Іс-шара Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтуде. Бас серіктес –  Bereke Bank⁠. Ресми әуе тасымалдаушы –  Air Astana⁠. Білім беру серіктестері –  Q Group⁠ және  Arizona State University⁠ қолдауындағы Innotech. Ресми серіктестер қатарында  BI Group⁠ инвестициялық-құрылыс холдингі,  ASIYA⁠ қазақстандық косметика бренді,  Berik and Bayan Kaniyev Foundation⁠ қоры,  Chatium⁠ және  MYD Production⁠ компаниялары бар. Серіктестер –  Нұрбанк⁠ және  Kusto Home⁠.

#newvision

Related posts

Сарыарқа даңғылының учаскесі жөндеуге жабылады

Назия Жоямергенқызы

ttjk

Алматыда жалған түбіртектермен алаяқтық жасаған күдікті ұсталды