Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте сөз сөйледі. Іс-шара барысында Президент Қонаевтағы инфрақұрылым құрылысы баяу жүріп жатқанын айтты.
«Алайда, бір олқылыққа назар аударғым келеді. Қонаев қаласындағы инфрақұрылым құрылысы өте баяу жүргізіліп жатыр. «Баяғы жартас – сол жартас», қаланың келбеті – өзгеріссіз күйде. Бұл қалада шұғыл түрде театр, стадион, әкімшілік ғимараттары мен мектептер салу керек. Онсыз Алматы облысы өз аяғына тұрып кете алмайды. Облыс басшылығы осы өзекті мәселелерге баса назар аударуы қажет», — деді Мемлекет басшысы.
Қонаев қаласы
Бұрын Қонаев қаласы Қапшағай деп аталған. 2022 жылғы 16 наурызда Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысын бөлініп, жаңа өңір – Жетісу облысы құрылатынын мәлімдеді.
Сол кезде Қапшағай жаңарған Алматы облысының орталығы, ал Талдықорған Жетісу облысының орталығы болатыны белгілі болды.
2022 жылғы 3 мамырда Президент жарлыққа қол қойып, Қапшағайға ресми түрде Қонаев атауы берілді. 4 мамырда Мемлекет басшысы Алматы облысының әкімшілік орталығын Қонаев қаласына көшіру туралы қаулыға қол қойды.
Tengrinews.kz
