Қазақстанда жақын арада зейнет жасын көтеру жоспарланбаған, деп мәлімдеді Еңбек министрлігінің басшысы Асқарбек Ертаев. Бұл ретте елде зейнетақы жүйесіне енгізілуі мүмкін өзгерістер талқыланып жатыр.
Үкіметте өткен брифинг барысында журналистер Қазақстанда зейнет жасын көтеру, міндетті зейнетақы жарналарын арттыру немесе басқа да өзгерістер жоспарланып отыр ма деп сұрады.
Ертаевтың айтуынша, зейнет жасының қолданыстағы нормалары Әлеуметтік кодексте бекітілген және олар өзгермейді.
«Бізде Әлеуметтік кодексте бәрі айқындалған: ерлер 63 жас, әйелдер қазір — 2028 жылға дейін 61 жас, содан кейін 2032 жылға қарай 63 жасқа дейін біртіндеп көтеріледі», — деп жауап берді министр.
Бұл ретте Ертаев жалпы зейнетақы жүйесі «талқыланып, түзетілетінін» растады.
«Иә, зейнетақы реформасы қайта қаралады, тиісті тапсырма бар. Қазір жұмыс тобы аясында үш жоба қарастырылып жатыр», — деді ол.
Министрдің сөзіне қарағанда, зейнетақы жүйесінің түрлі моделі талқыланып жатыр.
«Жинақтаушы қордың ұсыныс бар — «4+1″ жобасы. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры сақтандыру зейнетақысы моделін ұсынып отыр. Сондай-ақ Сенат депутатының бастамасы бар, оған сәйкес еңбек өтілі 40 жылға жеткен азамат зейнетке шыға алады. Бұл үш ұсыныс қазір жұмыс тобында қаралып жатыр», — деп түсіндірді шенеунік.
Министр түпкілікті шешім осы айдың соңына дейін жарияланатынын айтты.
Бұған дейін Қазақстанда зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер талқыланып жатқанын хабарлаған болатынбыз. Ұсынылып отырған зейнетақы реформасының бір нұсқасы — «4 + 1» моделі. Ол жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының бір бөлігін қазақстандықтардың жеке шотына, ал бір бөлігін өмір бойы төленетін төлемдер үшін ортақ зейнетақы шотына аударуды көздейді.
Tengrinews.kz
