Атырауда Жангелдин ауылындағы бір отбасын өлтіру дерегіне қатысты сот талқылауы өтіп жатыр. Сотталушы Сұлтан Сәрсемалиевтің айыптау актісі мен істің мән-жайы оқылып жатқан кездегі реакциясы видеоға түсіп қалған.
Отырыс барысында прокурор Мирас Бауыржанов айыптау актісін оқыды. Онда сотталушының бұрынғы әйелінің туған ағасы Наурыз Мұқанғалиев пен отбасының отағасы Мақсот Қарабалиннің өліміне әкеп соққан жанжалдың мән-жайы егжей-тегжейлі баяндалған.
Құжатта қылмыстың жантүршігерлік мән-жайы, соның ішінде кісі өлтіргеннен кейін Мақсот Қарабалиннің денесі кілемге оралып, көмілгені де айтылады.
Осы мәліметтер жарияланып жатқан сәтте камера сотталушыны түсіріп алған. Ол прокурорды еш қымсынбастан тыңдап отырады, тіпті бір сәтте оның жүзінен күлкіге ұқсас реакция байқалады.
Кейінірек судья Зарема Хамидуллина сотталушыға істі алқабилердің қатысуымен қарау құқығын түсіндіріп, оның бұл мәселеге қатысты ұстанымын нақтылады.
Сәрсемалиев мұндай форматтағы талқылаудың ерекшеліктерін түсінетінін және оны қолданудың қажеті жоқтығын айтып, алқабилер сотынан бас тартты. Ол бас тарту себебін нақтыламай, бұған «еш қажеттілік жоқ» деп мәлімдеді.
Алдын ала сот отырысы — бұл тараптар іс материалдарымен танысатын, процессуалдық мәселелерді талқылайтын және істі сотта одан әрі қарау тәртібі айқындалатын кезең.
Адам өлтіру, ұрлық және алаяқтық: күдіктіге қандай айып тағылып отыр?
Сұлтан Сәрсемалиевке Қылмыстық кодекстің бірден үш бабы бойынша айып тағылған:
- 99-баптың 2-бөлігі 1 және 13-тармақтары «Екі немесе одан да көп адамды өлтіру»;
- 188-баптың 2-бөлігі «Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған ұрлық»;
- 190-бап «Алаяқтық».
Прокуратура мәліметінше, ұрлық пен алаяқтық эпизодтары қаза тапқандардың жеке заттарын жымқыру және олардың малын заңсыз сату фактілерімен байланысты.
Сәрсемалиевтің әйелі Ақбаян Мұқанғалиева күдікті деп танылған жоқ
Атырау облысы прокуратурасының баспасөз қызметі мәліметінше, қазіргі уақытта аталған қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, іс сотқа жолданған.
«А. Мұқанғалиеваға қатысты тағайындалған сот-психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысы шығуы керек. Сараптама қорытындысы тергеу органына ресми түрде түскеннен кейін оған тиісті процестік құқықтық баға беріледі. Аталған қылмыстық құқық бұзушылықтарды С. Сәрсемалиев жеке өзі жасаған. Бұл қылмысты жасауға өзге адамдардың қатысы бар екені туралы деректер анықталған жоқ», — деп хабарлады прокуратура.
Ақбаян Мұқанғалиеваның отбасы мүшелерінің өліміне қатысы болмауына байланысты оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған.
«Қылмыс туралы хабарламау дерегі бойынша бөлек іс жүргізу аясында соталды тергеп-тексеру жүріп жатыр», — деп толықтырды прокуратура өкілдері.
Отбасының өліміне қатысты іс
Атырау облысы Жангелдин ауылындағы бір отбасының жаппай өлтірілуіне қатысты тергеу жүріп жатыр. 2025 жылғы желтоқсанда туыстары зейнеткер ерлі-зайыпты мен олардың ересек балаларының жоғалып кеткені туралы хабарлаған.
Сол кездегі мәлімет бойынша, отбасы үйден белгісіз бағытқа шығып кетіп, содан бері олардың қайда екені белгісіз болған.
Фото: полицияның баспасөз қызметі
Іздеуде төрт ересек адам болды:
- 66 жастағы Мақсот Қарабалин;
- 64 жастағы Нәсіп Өтешқалиева;
- 35 жастағы қызы Мейрамгүл Қарабалина;
- 32 жастағы ұлы Наурыз Мұқанғалиев.
Әкесі мен анасының денесі қайдан табылды?
Кейін, 6 қаңтарда Жангелдин ауылында зейнеткер ерлі-зайыптының денесі табылды. Полиция мәйіттердің үй ауласындағы шаруашылық құрылыс астынан табылғанын хабарлады.
Ерлі-зайыптыны жерлеу рәсімінен кейін бірден, 8 қаңтарда полиция іс бойынша негізгі күдіктіні жариялады. Ол отбасының 29 жастағы күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев болып шықты. Оның отбасының кенже қызы Ақбаян Мұқанғалиевамен бірге елден кетіп қалғаны анықталды.
Ер адамға халықаралық іздеу жарияланды.
Күдіктілер Индонезияда ұсталды
24 ақпанда Сәрсемалиев пен Мұқанғалиева Индонезияның Сенару ауылындағы қонақүйлердің бірінде ұсталды.
Келесі күні, 25 ақпанда ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақбаян Мұқанғалиеваның да іс бойынша күдікті деп танылғанын хабарлады.
Наурыз бен Мейрамгүлдің денелері қайдан табылды?
9 наурызда кешке күдікті ерлі-зайыптының Алматыға экстрадицияланғаны белгілі болды. Сәрсемалиев Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаны өлтіргенін мойындап, олардың көмілген жерін көрсетті.
Ағалы-қарындастың мәйіттері Атырау іргесіндегі Геолог шағынауданынан табылды. Олар негізгі күдікті бұрын жалдап тұрған үйдің ауласына көмілген.
11 наурызда Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында Наурыз бен Мейрамгүлді жерлеу рәсімі өтті.
Сол кезде қаза тапқан отбасының жақындары редакция тілшісіне Ақбаян Мұқанғалиеваның Атыраудағы психиатриялық мекемеге жіберілгенін хабарлаған еді.
Tengrinews.kz

