Белгілі киноактер, драматург әрі сценарист, әйгілі «Менің атым Қожа» көркем фильміндегі басты кейіпкерді сомдаған Нұрлан Сегізбаев өмірден озды. Бұл қайғылы хабарды Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі таратты.
Министрлік марқұмның туған-туыстарына, отбасы мүшелеріне және барша қазақ еліне көңіл айтып, оның отандық мәдениет пен өнердің өркендеуіне айрықша үлес қосқанын атап өтті.
Нұрлан Санжарұлы бүкіл саналы ғұмырын шығармашылық жолына арнап, ұлттық руханияттың дамуына зор еңбек сіңірді. Абдолла Қарсақбаев түсірген «Менің атым Қожа» фильміндегі есте қаларлық бейнесі арқылы ол қазақ кино өнерінің жарқын өкіліне айналды. Актердің сомдаған образдары көрермен жадында сақталып, ұлттық кино тарихында ерекше орын алады.
Ведомство марқұмның жарқын тұлғасы мен бай шығармашылық мұрасы халық жадында мәңгі сақталатынына сенім білдіріп, оның жаны жәннатта болып, топырағы торқа болуын тіледі.
Айта кетейік, биыл сәуір айында журналист Жанар Қанафина Нұрлан Сегізбаевтың ауыр науқасқа шалдыққанын және денсаулығының күрт нашарлағанын мәлімдеген еді. 75 жастағы өнер иесі тәулігіне 14 сағат тыныс алу аппаратына тәуелді болып, қаржылай көмекке мұқтаж болған.
Фото: gov.kz
