Алматы қаласының Бас жоспарын түзету жобасы бойынша қоғамдық талқылаулар басталды

Алматыда қаланың 2040 жылға дейінгі дамуын айқындайтын негізгі қала құрылысы құжаты — Бас жоспарды түзету жобасы бойынша қоғамдық талқылаулар басталды.

Талқылаудың алғашқы күні жобаға арналған жалпы таныстырылыммен ашылды. Оған сарапшылар, қоғам өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдары мен қала тұрғындары қатысты. Сонымен қатар, қаладағы сегіз ауданның әкімдері тыңдаулардың бүкіл кезеңінде қатысып, тұрғындардың нақты сұрақтарына жауап береді.

Еске сала кетейік, Бас жоспарды қайта қараудың басты негіздерінің бірі — Мемлекет басшысының тау бөктері аймағында құрылыс жүргізуге тыйым салу жөніндегі тапсырмасы болды. Жаңартылған жобаға сәйкес, Талғар трактының, Шығыс айналма автомобиль жолының (ВОАД), Әл-Фараби даңғылының, Саин және Жандосов көшелерінің оңтүстігінде жаңа көпқабатты тұрғын үйлер салуға, сондай-ақ еңістігі 15 градустан асатын беткейлерге құрылыс жүргізуге тыйым салынады. Бұл шаралар тау бөктерін қорғауға бағытталған.

Сондай-ақ құжатта тұрғын үй құрылысының көлемін қайта бөлу, әлеуметтік инфрақұрылымды — мектептерді, балабақшаларды, медициналық және мәдени мекемелерді дамыту, сондай-ақ 2040 жылға қарай халық саны 3,6 миллион адамға жетеді деген болжамды ескере отырып, жаңа қоғамдық кеңістіктерді қалыптастыру көзделген.

Жобада көлік инфрақұрылымына ерекше назар аударылған. Жаңартылған Бас жоспар қоғамдық көлікті дамытуға басымдық береді: метро желісін кеңейту, алғашқы LRT желісін іске қосу, BRT жүйесін дамыту және қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтар салу қарастырылған.

Өзгерістердің елеулі бөлігі экология мен көгалдандыру мәселелеріне арналған. Жоба аясында саябақтар, скверлер, бульварлар мен орман-саябақтардан тұратын біртұтас жасыл аймақтар жүйесін қалыптастыру жоспарланған. 2040 жылға қарай жасыл желекпен қамтамасыз ету деңгейі халықаралық стандартқа жеткізіліп, бір адамға кемінде 16 м² болуы тиіс.

«Бұған дейін Бас жоспарды түзету жобасы Сәулет және қала құрылысы басқармасының ресми ресурстарында жарияланған болатын. Алдағы үш күн ішінде әрбір тұрғын толық әрі егжей-тегжейлі ақпарат ала алады. Қала тұрғындарының пікірлері құжатты жетілдіру кезінде ескеріледі. Бұл құжат Алматының жайлы, қауіпсіз, экологиялық таза әрі заманауи қала ретінде қалыптасуына негіз болады», — деді «Алматыгенплан» ҒЗИ бас директоры Асхат Садуов.

Related posts

Жетеуі – егіз: Қазақстанда Тәуелсіздік күні 700-ден астам сәби өмірге келді

18 мая, Международный день музеев. Пришло время открыть для себя богатое культурное наследие Турции

ttjk

«ХАЛЫҚ» ХАЛЫҚҚА КӨМЕКТЕСТІ

ttjk