«KAZAKHSTAN OPEN»: Астанада киокушинкай-кан каратэ спортынан халықаралық жарыс өтіп жатыр

 

Астанада жауынгерлік рух пен шеберлік тоғысқан ерекше спорт мерекесі өтіп жатыр. Beeline Arena кешенінде ұйымдастырылған «KAZAKHSTAN OPEN» халықаралық турнирі киокушинкай-кан каратэнің хас шеберлерін бір алаңға жинап, Қазақстан мен көршілес елдердің спортшылары сынға түседі.
Халықаралық додада Қазақстанның түкпір-түкпірінен және Ресей федерациясы, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің үздік спортшылар қатысып жатыр.
Бәсеке Республикалық Ұлттық Киокушинкай-кан каратэ федерациясының және Астана қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өткізіледі.
«Бұл – біздің дәстүрге айналған турниріміз. Деңгейі – халықаралық. Себебі, көрші елдердің спортшыларды ат терлетіп, осында келіп отыр. Бұл осы турнирдің абырой-беделін арттыра түседі және бұл орын жастарымызға бір-бірімен спорттық деңгейде дәріс алатын, тәжірибе жинайтын алаңға айналды. Федерациямыздың қатары жыл сайын өсіп келеді. Қазіргі уақытта 10 мыңға тарта спортшымызды татами төрінен тауып жүрміз. Бұл спортымыздың қанатын кеңге жайғанын көрсетеді.
Құрметті, әріптестер, сіздер, татамиге келгенде өмірлік үлкен жолға түстіңіздер. Бұл жерде кез келген спортшы шынығып қана қоймай, тәрбие мектебінен өтеді. Бұл жарыста бәріңізге сәттілік тілеймін!» – дейді Ұлттық Киокушинкай-кан каратэ федерациясының президенті Омархан Өксікбаев.
Турнирдің басты мақсаты – ел ішінде киокушинкай-кан каратэ спортын дамыту, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және жас буын мен кәсіби спортшылардың шеберлігін арттыру.
«Дәл қазіргі уақытта Астанада киокушинкай-кан каратэмен 2 мыңға жуық адам тұрақты түрде шұғылданып жүр. Споршыларымыздың дайындығы жоғары. Әлемде үздік үштікке кіреміз. Әлем, Азия чемпионаттарына, сол сияқты басқа да халықаралық жарыстардың кез келгенінде жоғары дәрежеде өнер көрсетіп жүрміз.
Бүгінгі бәсеке – жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі турнир. Бірде Алматыда өтсе, келесіде Астанада ұйымдастырылады. Оған ТМД елдерінен спортшылар келіп, күштерін сынайды. Нәтижесі көз қуантарлық. Себебі, кішкентай бүлдіршіннен ересектерге дейін қызығушылық жоғары әрі артып келеді», – дейді киокушинкай-кан каратэден аға бапкер Дастан Әбжанов.
Ол сөзін жалғай отырып, аталмыш спорт түрінің өскелең ұрпақ үшін де, ересектер үшін де пайдалы тұстарын тілге тиек етіп өтті.
«Бұл спорт тек денсаулыққа ғана емес, тәртіпке баулу жағынан да өте маңызды. Киокушинкай-кан каратэмен шұғылданып жүргендер бүгінгі заманның дертіне айналған лудомания, есірткіге тәуелділік, буллинг сияқты келеңсіз жағдайларға ұшырамайды. Бұл спортта ең алдымен тәртіп пен тәрбие – бірінші орында», – дейді аға бапкер
Бағдарламаға балалар, жасөспірімдер, қыздар, юниорлар және ересектер арасындағы кумитэ сайыстары енгізілген.
«KAZAKHSTAN OPEN» жарысына Қазақстанның түкпі-түкпірінен бөлек, шетелден де спортшылар келіп, қатысып жатыр. Осыған қарап-ақ турнирдің дәрежесі қаншалықты жоғары екенін бағамдай беруге болады. Жарыс жоғары деңгейде өтіп жатыр деп сеніммен айта аламын. Ал әлем бойынша бұл спорт түрі өте жоғары қарқынмен дамып келеді. Тек Олимпиада спорт түрлеріне кірмейтіні өкінішті. Себебі, киокушинкай-кан каратэде 18 жастан жоғары қарай қолға-аяққа арнайы қорғаныс киімдері киілмейді. Ауыр спорт түрі деп саналғандықтан Олимпиаданың талаптарына сай келмейді», – дейді 75 кг салмақта сынға түскен Әмірәли Жанарыс.
Турнирге қатысқан 9 жасар Томирис алғашқы жекпе-жегінен кейінгі әсерін былайша жеткізді:
«Бұл жарысқа қобалжып келгенім рас. Себебі, ауқымы үлкен, деңгейі жоғары. Бірақ бапкерімнің көрсеткен қолдауы мен үйреткен әдіс-тәсілдері маған ерекше сенімділік беріп отыр. Бұл жарыс дәлі қазір маған ерекше әсер берді. Басқа қатысушылармен танысып, жаңа достар тауып та үлгердім.
Мұндай ауқымды жарысқа қатысу – мен үшін үлкен мәртебе. Бүгінге дейін ата-анамның көмегімен көптеген жаттығуға қатысып, өзімді шыңдадым. Енді дайындығымның деңгейін «KAZAKHSTAN OPEN» жарысында байқайтын боламын. Әзірге бүгінгі алғашқы жекпе-жегімде қарсыласымнан басым түстім», – дейді Томирис.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «KAZAKHSTAN OPEN» – жыл сайын өткізілетін, спорттық күнтізбеде маңызды орын алатын жарыстардың бірі. Турнир барысында қазақстандық каратэ мектебінің әлеуеті ерекше қырынан көрінді.

Related posts

Астана күніне орай заманауи емхана ашылады

Назия Жоямергенқызы

Hotel Guide | Top 10 Beautiful Hotel in Phangan, Thailand

ttjk

ЗДАНИЕ ПРЕЗИДЕНТСКОГО СИМФОНИЧЕСКОГО ОРКЕСТРА НАЧАЛА СВОЮ ДЕЯТЕЛЬНОСТЬ КАК «ТУРЕЦКИЙ КУЛЬТУРНЫЙ КАМПУС»

ttjk