Енді концерттерде фонограмма қолдануға рұқсат етілмейді: Президент Тоқаев жаңа заңға қол қойды

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

Аталған заң арқылы Жер, Бюджет, Кәсіпкерлік кодекстеріне, сондай-ақ «Неке және отбасы туралы», «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы», «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы», «Бала құқықтары туралы», «Мәдениет туралы», «Білім туралы» және «Педагог мәртебесі туралы» заңдарға бірқатар өзгерістер енгізілді.

Түзетулердің бірінші бөлігі — жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынан айырылған жасөспірімдерді қорғаудың құқықтық жүйесін күшейтеді.
Энді бала асырап алу немесе қамқоршылық тағайындау кезінде ең алдымен баланың жақын туыстарына, ал ондай адамдар болмаған жағдайда некедегі азаматтарға басымдық беріледі.

Екінші блоктағы өзгерістер — балалардың тамақтануы, баспанасы, медициналық қызметі, білім алуы және сауықтыруы мемлекет қаржысы есебінен қамтамасыз етілетін ұйымдарға санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды «Халық денсаулығы туралы» кодекс пен «Бала құқықтары туралы» заң аясында реттелетін сала ретінде бекітеді. Осыған байланысты тиісті талаптар Кәсіпкерлік кодексінен алынып тасталады.

Үшінші блок — білім саласындағы бірқатар өзекті мәселені реттейді.
Бұдан былай техникалық және кәсіптік, сондай-ақ орта білімнен кейінгі оқу орындары Оқу-ағарту министрлігі белгілейтін рейтингтік бағалау әдістемесі мен саралау қағидалары бойынша жіктеледі. Ал жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары Ғылым және жоғары білім министрлігі бекітетін өлшемдерге сәйкес сараланады.

Төртінші блок — мәдениет саласын дамытуға бағытталған өзгерістерді қамтиды.

Ендігі кезде концерттер өткізу барысында фонограмма қолдануға тыйым салынады (бұл талап телевизиялық жазбаларға және концерт өткізуге арналмаған орындарға қолданылмайды). Сонымен қатар, авторлық құқыққа жататын шығармаларды масс-медиада немесе онлайн-платформаларда жария түрде қолданғанда автордың есімін міндетті түрде көрсету талап етіледі.

Сондай-ақ кітапхана қорын толықтыру және сақтау шаралары жергілікті атқарушы органдардың міндетіне енгізілді.

Фото: Акорда

Related posts

Теміржол апатынан қаза тапқандар саны 13 адамға жетті

editor

Алматы облысында қар көшкіні қаупі сақталады

editor

ТАРАЗДАҒЫ СЕМИНАР: «HALYK-ПЕН ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ»

Назия Жоямергенқызы